![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/old-image-66757.webp)
Қазақстанда айыппұл төлеуде 50% жеңілдік алынып тасталуы мүмкін. Мұндай бастаманы бұрынғы ІІМ орынбасары Марат Қожаев көтерді. Сенатор жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерге қатысты жазалау саясатын қайта қарау қажет деп санайды.
Қожаев қолданыстағы құқықтық тәжірибе қайталанатын заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік бермейтінін айтады. Өйткені соңғы уақытта жол жүру ережелерін бұзу жағдайы көбейген. Мәселен, өткен жылы тек Алматының өзінде 4,2 миллионнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталған.
«Айыппұлдар көлік құралдарының иесіне жазылады, бірақ олардың заңбұзушылықтар тарихы ескерілмейді. Бұл өрескел ереже бұзушыларға жылдар бойы жауапкершіліктен қорықпай, жол қозғалысы ережелерін елемеуге мүмкіндік береді. Мысалы, бір жүргізушінің бір жыл ішінде 143 рет ереже бұзып, 3 миллион теңгеден астам айыппұл төлегені тіркелген. Бұл бір ғана жағдай емес – Алматыда осындай ондаған жүргізуші бар. Ал ел бойынша олардың саны жүздеп, тіпті мыңдап саналады», – деді Қожаев өзінің депутататтық сауалында.
Депутат не ұсынды?
Сенатор жаза қолдану тәсілдерін шұғыл түрде қайта қарау керектігін айтты. Ол жиі жол ережесін бұзатын жүргізушілерге айыппұл төлеуде 50% жеңілдікті алып тастау қажет деп санайды. Сондай-ақ кемінде 10 рет бұзған жүргізушілерді міндетті түрде теориялық емтиханды қайта тапсыруға жіберуді, қажет болған жағдайда жүргізуші куәлігінен айыруды қарастыруды ұсынды.
Айта кетейік, Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны артып келе жатқандығы қоғам үшін үлкен мәселе болып отыр. Ішкі істер министрлігі 2024 жылды қорытындылады. Елімізде былтыр жол көлік оқиғаларының саны 15 711 болған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,1%-ға азайғанымен, өлім саны артып келеді.