«Украина бейбітшілікті бәрінен де қатты қалайды»: Трамп пен Зеленский бір сағатқа жуық сөйлесті

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Украина Америкамен бірге Ресей агрессиясын тоқтататуға мүдделі / Фото: shutterstock

АҚШ президенті Дональд Трамп Путиннен соң, Украина басшысы Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті.  Әңгімелесу барысында екі ел арасындағы бейбітшілік орнату мүмкіндігінен бөлек, республиканың ресурстары жөнінде де сөз өрбіді.

Бір сағатқа созылған әңгіме…

Украина президентінің кеңесшісі Дмитрий Литвиннің сөзінше, Зеленский мен Трамптың әңгімесі шамамен бір сағатқа созылған.

Ал Владимир Зеленский өзінің Telegram-арнасында АҚШ президентімен болған әңгімесі жайлы былай деп пікір білдірді:

«Жаңа ғана Дональд Трамппен сөйлестім. Ұзақ әңгіме болды. Бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндіктері туралы, командалық деңгейде бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігіміз жайлы сөз қозғадық. Сондай-ақ біздің технологиялық мүмкіндіктеріміз, оның ішінде дрондар мен басқа да заманауи өндірістер талқыланды. Бізбен бірлесіп атқара алатын істерге қызығушылық танытқаны үшін Президент Трампқа алғыс білдіремін»,— деп бөлісті Украина президенті өзінің Telegram-каналында.

Украина тарапы бейбітшілікті қалайды

Зеленский Трамппен Скотт Бессентпен өткен кездесуі жайлы сөз қозғалғанын атап өтті. Сондай-ақ Украина мен АҚШ арасындағы жаңа қауіпсіздік, экономикалық және ресурстық әріптестік келісіміне дайындық мәселелерін де талқылағанын жазды.

 Украина бейбітшілікті бәрінен де қатты қалайды. Біз Америкамен бірге Ресей агрессиясын тоқтатып, сенімді әрі ұзақ мерзімді бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін ортақ қадамдарымызды айқындап жатырмыз. Президент Трамп айтқандай: «бұл істі бірге жүзеге асырайық»», – деп мәлімдеді Зеленский.

Сонымен қатар Зеленский мен Трамп алдағы уақытта байланыстарын жалғастыру және кездесулер өткізу туралы келісімге келген.

Трамп не дейді?

Дональд Трамп болса Украинаның НАТО-ға кіруін орынды шешім деп санамайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қадам іс жүзінде жүзеге асуы екіталай және тиімсіз. Трамп сондай-ақ Ресей билігінің, тіпті Владимир Путин президент болмай тұрған кезде де, Украинаның альянсқа мүше болуына қарсылық білдіріп келгенін еске салды.

Путин де соғыста адам өлімін болғанын қаламайды

АҚШ президенті Дональд Трамп Зеленскийге дейін Ресей президенті Владимир Путинмен де телефон арқылы сөйлескен болатын. Трамптың айтуынша, Путин ұрыс алаңында сарбаздардың қаза табуына шынымен алаңдайды. Адамдардың өлімінің тоқтауын қалайтынын жеткізген. Сондай-ақ Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға арналған нақты жоспары бар екенін мәлімдеп, оны жылдам жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізген еді. Алайда жоспарының қандай болатыны жайлы нақты ақпарат бермеген.

Сондай-ақ оқыңыз