Жаңалықтар

Бектенов осы қарқынмен 2035-2036 жылдарға қарай ұлттық қор сарқылатынын айтты

2035-2036 жылдарға қарай ұлттық қор сарқылады/Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов сарапшылармен және бизнес өкілдерімен салық реформасы мәселелерін талқылады, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметін.

Салық түсімдерінің үлесі

Ұлттық экономика министрлілі жиында сараланған ҚҚС және есепке қою шегін төмендету Ұлттық қорға тәуелділікті азайтып, инфрақұрылымды дамытуға қосымша қаражат жұмсауға мүмкіндік беретінін қайталады.

Министрлік келтіргендей, бүгінде Қазақстандағы салық түсімдерінің ЖІӨ-дегі үлесі 18%-ын құрайды.

«Басқа елдермен салыстыратын болсақ, Ресейде бұл көрсеткіш – 42%, дамыған елдерде – 50%-дан астам. Осылайша, мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру үшін айтарлықтай бюджеттік ресурстардың тапшылығы байқалады» делінген хабарламада.

Ұлттық қордың түбі көрінеді

Жиын барысында премьер-министр Олжас Бектенов реформалар жасалмаса, Ұлттық қорды пайдаланудың ағымдағы серпінімен ондағы қаражат 2035-2036 жылдарға қарай сарқылатынын атап өтті.

«Бюджеттің кіріс бөлігі бойынша да белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Қаңтар айында біз мемлекеттік бюджет кірісі бойынша 136% өсу қарқынын орындадық. Мұның барлығы мемлекеттік кірістер саласындағы жұмыс пен цифрландырудың нәтижесі», – деді ол.

Үкімет тиімділікті арттыратын және бизнес пен мемлекет арасындағы өзара әрекеттесуді жеңілдететін бірыңғай цифрлық экожүйені құру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.

Үкімет сараланған қосылған құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға көтеріп, оған өту шегін 15 млн теңгеге дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Алайда бұл базарда сауда жасайтындарға, үй жанында дүкен ұстайтындарға, мейрамхана мен қонақүй кәсібімен айналысатындарға қатысы болмайды дейді.