Жаңалықтар

Санаулы сағатта жүздеген көлік соқтығысты. Қалың қар Германияны әуреге салып жатыр

Қалың қар Германияны әуреге салып жатыр/Фото: BILD

Түнгі боран Германияны қысқы ертегіге айналдырғанымен, көптеген қиындықтар да әкелді, деп жазады BILD басылымы.

Жол апаттары мен ұшақтардың кешігуі

Берлинде қардың кесірінен бірнеше сағат ішінде 121 жол-көлік оқиғасы болды.

«Бұл әдеттегіден әлдеқайда көп жол апаты», – деп мәлімдеді полиция өкілі Berliner Morgenpost басылымына берген сұхбатында.

Қалың қар Берлин әуежайындағы рейстердің кешігуіне де себеп болды. Әуежай өкілінің айтуынша, ұшу-қону жолақтарын тазалау көп уақыт алғандықтан, көптеген рейстер кешігіп ұшқан.

Өзге оқыс жағдайлар

Саксонияда алып жүк көлігі жел генераторының қалағымен бірге мұз басқан жолда тұрып қалған. Оған баратын жол жабылғандықтан, көлік сол жерде дүйсенбіге дейін тұруы мүмкін екені айтылды. Ал Глахауда жүк көлігінің қатысуымен болған жол апаты А4 автобанын жауып тастаған. Салдарынан жүздеген жүргізуші аязда жолда қалған.

Баден-Вюртембергте қарт әйел көлікті басқара алмай мұзды жолдан сырғанап. өзенге батып кеткен. Саксония мен Баварияда да бірнеше ірі жол апаты тіркелді.

Болжам бойынша, сенбіге қараған түні таулы аймақтарда температура -10°C-тан төмендеуі мүмкін. Алайда келесі аптада ауа температурасы күрт жылынып, Германияның кейбір өңірлерінде +14°C-қа дейін көтерілуі мүмкін.

Қыс қытымыр мінезін өз елімізде де көрсетіп жатыр. Кеше дүлей боран салдарынан Астана-Қарағанды бағытындағы жол жабылып, 200 көлік жолда қалған болатын.