Жаңалықтар

ҚМА қашқында жүрген Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты мәлімдеме жасады

ҚМА қашқында жүрген Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты мәлімдеме жасады/Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қаржылық мониторинг агенттігі қашқында жүрген Ақтау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Садвақасов не үшін айыпталып отырғаны туралы ақпарат таратты.

Агенттік ол аса ірі көлемде қылмыстық іс қозғау мәселесін оң шешу үшін мемлекеттік қызметшілерге пара беруге үгіттеді және алаяқтық жасады деп күдікке ілінгенін атап өтті.

«Атап айтқанда, «Тиолайн» ЖШС-ін басқарған кезеңде Долгалев В.И. пен басқа да құрылтайшылар арасында «Обуховское» кен орнына қатысу үлесі мен оның табысын бөлуге байланысты келіспеушіліктер туындаған, олар сот арқылы шешілген» делінген агенттік хабарламасында.

Өз кезегінде Долгалев В.И. Садвақасов Т.Х. арқылы құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғаларын белгілі бір компания құрылтайшыларына қарсы қылмыстық іс қозғау үшін пара беріп сатып алуға тырысқан.

Агенттік мұны олардың заңды талаптарынан бас тартуына және оларға қысым көрсетуге бағытталған әрекет деп сипаттайды.

Ақпараттық хабарламада Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚМА департаменті «Тиолайн» ЖШС-нің «Обуховское» кен орнында өз бетінше пайдалы қазбалар өндіру дерегі бойынша тергеуді аяқтап, істі сотқа жібергенін қоса кетті.

Ал Садвақасов бастапқыда шығарылған ақтау үкімінің күші жойылғаннан кейін соттан жасырынып, содан бері іздеуде жүр. Оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.

Садвақасовқа іздеу 5 ақпанда жарияланған. БАҚ беттерінде ол Ақтау қаласы әкімінің орынбасары болып 2019 жылғы ақпанда тағайындалғаны жазылып жатыр.