Жаңалықтар

«Жеке әжетхана қойғызып алған»: Қостанайда әкім орынбасары кабинетін көрсетпей жүр

Қостанайда әкім орынбасары кабинетін көрсетпей жүр/ Фото: Бердіболат Көркембаев/Қостанай таңы

Қостанай облыстық «Наша газета» басылымы 2024 жылғы қараша айының соңынан бері облыс әкімі орынбасарының кабинетіне заң нормаларын бұза отырып жөндеу жасалғаны туралы ақпараттың рас-өтірігін анықтай алмай жүр.

Мән-жайы

Былтырғы қарашада редакцияға хат келіп түседі. Хатта 2024 жылғы шілдеде қызметіне кіріскен Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина кабинетіне қымбат жөндеу жұмысын жасап алғаны, оның барысында заң нормаларын бұзғаны жазылған. Автор әкім орынбасары кабинетіне жеке дәретхана орнатқызып, ол үшін жеке кәріз торабын тартуға тура келгенін айтқан.

Әкімдік жауабы

“НГ» басылымы аталған мәселе бойынша Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Сандыбаевқа сауал жолдаған. Аппарат басшысы 4 желтоқсанда жолдаған жауабында бәрін терістеген. 

«Мұсағазинаның кабинетінде тек қабырғалар боялған. Бұған Гүлбарам Ғизатқызы өзі қаражат жұмсады. Оған қанша ақша кеткені аппаратқа белгісіз, бірақ «жүргізілген сырлау жұмыстары бөлменің бірыңғай стилін бұзбайды» делінген жауапта.

Жауапта сондай-ақ дәретхана туралы ақпаратты жоққа шағырып, «интерьер өзгертілмеді, жиһаз ауыстырылмады» делінген.

Күмәннің қоюлана түсуі

Бірақ алғашқы хат иесі мұны өтірікке балап, жеке дәретхана жасалып, оның құбыры 7-қабаттан 6-қабатқа, 619-кабинет арқылы түсірілгенін, мұны тексеру оңай екенін айтқан.

Хат авторының табандылығы журналистердің қызығушылығын арттыра түсіп, аппарат басшысынан әкім орынбасарының кабинетін көрсетуді сұрайды. Бірақ аппарат басшысы құпия қаулыға сілтеп, шенеунік кабинетін көруге рұхсат бермеген.

Журналистер бұл жауапқа қанағаттанбай, «Әділ сөз» баспасөз қорғау қорының заңгері Сергей Уткиннен түсінік алған. Оның сөзінше, әкімдік журналистердің кабинеттерге кіруіне шектеу қоятын үкімет қаулысы заң бойынша жариялануы тиіс және оны қызметтік пайдалану үшін деп белгілеуге болмайды.

«Бұл жағдайда әкімдік тіпті құқықтық актінің атауы мен нөмірін көрсетпеген. Көрсетілген құжат ДСП белгісімен журналистердің құқықтары мен міндеттерін реттей алмайды. Ал мемлекеттік құпия болып саналатын мәліметтер «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңда нақты көрсетілген» – деген Уткин.

«НГ» облыс әкімдігінің аппараты барлық күмәнді сейілтіп, 7-қабаттағы кабинеттің шынайы көрінісін көрсетуге келіседі деп үміттенетінін жазады.

Айта кетейік, бүгін үкіметте бірқатар ауыс-түйіс орын алды. Тамара Дүйсенова вице-премьерліктен, президент көмекшісі қызметіне ауыстырылса, оның орнына ШҚО-ны басқарған Ермек Көшербаев барды. Сондай-ақ Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев та қызметінен босатылды.