![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/baza-bazovaya.png)
Ресейдің Орталық банкі 21% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Оған себеп – инфляциялық қысым әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Орталық банк ішкі сұраныстың өсуі тауар мен қызмет ұсынысының өсу мүмкіндігінен айтарлықтай алда келеді деп тұжырымдайды.
Ресейдегі инфляция қандай?
Ресейдің Орталық банкі 2025 жылға арналған инфляция бойынша болжамын күрт көтеріп, оны 4,5-5%-дан 7-8%-ға дейін қайта қарады.
2024 жылдың IV тоқсанында Ресейде маусымдық түзетілген баға өсімі жылдық мәнде орташа есеппен 12,1%-ды құраған. бұл алдыңғы тоқсандағы 11,3%-ға қарағанда жоғары көрсеткіш. Базалық инфляция көрсеткіші де 12,1%-ға дейін өскен. Бұл өсім ішкі сұраныстың жоғарылауы және 2024 жылдың күзінде рубль бағамының әлсіреуімен байланысты.
Көрші елдегі халықтың инфляциялық күтілімдері 2024 жылдың соңындағы жоғары деңгейде сақталуда. Сарапшылардың болжамынша, 2025 жылы инфляция 7,0–8,0% деңгейінде болады, ал 2026 жылы 4,0%-ға дейін төмендеп, тұрақталады.
Экономика және еңбек нарығы
2024 жылдың қорытындысы бойынша Ресей экономикасының өсімі 4,1%-ды құраған. Бұл – Орталық банктің қазан айындағы болжамынан жоғары көрсеткіш. Өсім негізінен ішкі сұраныстың күшеюіне байланысты болды. Алайда, экономиканың қазіргі инфляциялық қысым астында дамуы оның тұрақты және теңгерімді өсім траекториясынан ауытқып тұрғанын көрсетеді.
«Еңбек нарығы да шиеленіскен күйде қалып отыр. Жұмыссыздық тарихи минимум деңгейінде тұр, ал жалақы өсімі еңбек өнімділігінің өсуінен озық қарқынмен жүріп жатыр. Бірақ компаниялар тарапынан жұмысшыларды жалдау және жалақыны арттыру бойынша жоспарлар сәл бәсеңдегені байқалады. Кейбір салаларда жұмыс күшіне деген сұраныстың төмендеуі мен оның басқа секторларға ауысуы да еңбек нарығының біртіндеп тұрақтануына алғышарт қалыптастырып отыр», – делінген банк хабарламасында.
Ресейдің Орталық банкі ақша-несие саясатын қатаңдатуды 2023 жылдың шілдесінен бастаған. Соның нәтижесінде 2023 жылы бес айда мөлшерлеме жылдық 7,5-тен 16%-ға дейін өсті. 2024 жылғы шешімдерінде бас банк негізгі мөлшерлемені 21 пайызға дейін көтерді.