![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/konstantin-saroyan-1024x576.png)
Қазақстанға келгісі келетін шетелдік инвесторлар үшін бюрократия кедергі. Бұл туралы Еуразиялық қор биржасы федерациясының бас хатшысы Константин Сароян айтты. KASE: Joining Tabadul Hub атты халықаралық конфереция кезінде Kursiv.Media-ға берген сұхбатында Қазақстан нарығына қатысты көзқарасын білдірді.
«Егер кімде-кім Қазақстан экономикасына немесе капитал нарығына инвестиция салғысы келсе немесе Қазақстандағы қаржыны басқа елге инвестиция жасаймын десе, үлкен бюрократиялық мәселемен бетпе-бет келеді. Бұл минустың бірі», – деді Константин Сароян.
Ал қазақстандық инвесторларға қатысты мәселе – инвестициялық сауат. Бірақ бұл тек Қазақстанда ғана емес, барлық елдерге тән жағдай.
«Қаржылай сауат туралы айтамыз. Бұл нарық дамуының маңызды бір құрамдас бөлігі. Әлбетте, осымен жұмыс істеу керек. Реттеуші мұнымен жұмыс істеп жатыр. Нарықтың басқа қатысушылары да дәл осыны инвесторларға жеткізгісі келеді. Қай жерде тәуекел бар, қай жерде жоқ дегенді», – деп түсіндірді халықаралық сарапшы.
ҚҚС көтерілсе, капитал нарығына аса қатты әсер етпейді
Еуразиялық қор биржасы федерациясының бас хатшысы елдегі ішкі жаңалықтарға да қатысты пікірін білдірді. Журналистер қосылған құн салығының (ҚҚС) көтерілуі нарыққа қаншалықты әсер етеді деген сұрақ қойды.
«ҚҚС көтерілуі тұтас капитал нарығына әсер етпейді. Ол мәселен, белгілі бір компаниялардың әрекетіне ықпал етуі мүмкін. Бірақ жалпы салық көлемі көтерілсе, ҚҚС листинг компанияларға көбірек не азырақ әсерін тигізеді деген сөз емес. Барлығына ықпал етеді. Бизнес-ортаға да әсерін тигізеді», – деді Константин Сароян.
Дегенмен Еуразия қор нарығының ашықтығы мен өтімділікті көтеру үшін уақытша салық жеңілдіктерін қайта қарау керек деген ойын айтты.
«Мұны салық бойынша тікелей жеңілдік беру арқылы жасауға болады. Кейбір елдерде табыс салығы екі есе аз немесе тағы басқа дегендей. Сондай-ақ ынталандырудың басқа әдістері бар, бірақ біз фискалды форматта айтып жатырмыз», – деп атап өтті Сароян.
Еске салайық, қазір Салық кодексіне өзгеріс енгізілмекші. Үкімет ҚҚС мөлшерін 16%-ға көтеріп, оның шегін 15 млн-ға түсіруді ұсынды. Кейбір салалар салықтан босатылады. Дегенмен бизнес-орта бұл кәсіпкерлерді қайта көлеңкеге апарады деген наразылығын білдіріп жатыр.