Өзбекстанда түрмеде отырғандар кітап оқып мерзімдерін қысқарта алады
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/1-14-1-1024x576.jpg)
Өзбекстанда сотталғандар үшін «кітап оқу арқылы мерзімді қысқарту» жүйесі енгізілмек. Бұл туралы Өзбекстанның Олий Мажлисінің Заң шығару палатасы сотталғандарды түзету жұмысын жетілдіруге бағытталған заң жобасын мақұлдады.
Өзбекстан ІІМ Тергеу департаментінің бастығы, ішкі істер министрінің орынбасары Рамазон Ашрапов заңға сотталғандардың заңға бағынуын ынталандыру, адам мен қоғамды құрметтеуге, еңбекке және дәстүрлерге құрмет көрсетуге бағытталған нормаларды енгізу қажеттігін атап өтті.
Кітап оқу – сотталғандардың түзелу жолы
Жаңа заң жобасына сәйкес, Қылмыстық кодекске 74-1-бап енгізіліп, «сотталғандарды моральдық түзету» ұғымы енгізілмек. Бұл бап кітап оқуды түзелу құралы ретінде қарастырады.
Егер сотталған адам бекітілген тізімдегі кітапты оқып, арнайы комиссия алдында емтиханнан сәтті өтсе, оның жаза мерзімі әр оқылған кітап үшін 3 күнге қысқарады.
Сонымен қатар, бұл бағдарламаға қатысу шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жаза мерзімін жеңілдету (ҚК 73 және 74-баптары) туралы шешім қабылдауда ескерілетін болады.
Өзбекстанда түрме кітапханалары қалай жұмыс істейді?
Рамазон Ашраповтың мәліметінше, Өзбекстандағы 49 түзеу мекемесінде 230 мыңнан астам кітап қоры бар. Оның ішінде:
- 44,7 мыңнан астамы – шетелдік әдебиет,
- 209 кітап – Брайль қарпімен жазылған (көру қабілеті нашар сотталғандарға арналған).
Әлемдік тәжірибе қандай?
Бразилияда 2012 жылы елдегі федералдық түрмелерде сотталғандар оқыған әр кітабы үшін 4 күнге ерте босатылу құқығына ие болған. Жылына ең көбі 48 күн қысқартуға рұқсат етілген. Оқылған кітап бойынша эссе жазу міндетті болған.
Айта кетейік, біздің елімзде де бұндай тәжірибе бар. 2021 жылдан бастап Қарағанды облысындағы түрмелерде пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Сотталғандар бекітілген кітаптар тізімін оқып, комиссия алдында оларды мазмұндап, эссе жазады. Комиссия оң баға берсе, бұл жаза өтеу шарттарын жеңілдетуге немесе мерзімінен бұрын босатуға әсер етеді.