![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2024/11/17-1024x576.jpg)
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевты қызметінен босатты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Телманұлы Ұранхаев Абай облысының әкімі лауазымынан босатылды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Тоқаевтан сөгіс алған әкім
Нұрлан Ұранхаев 2022 жылы Абай облысы жаңадан құрылған кезде, өңірге әкім болып тағайындалды. Әкімдікке келгеннен кейін 1 жыл өткенде Абай облысында орман өрті болып, президенттен қатаң сөгіс алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысында шұғыл әрекет ету штабында жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтып, мұндай жағдайда әкімдер қызметінін кететінін, бірақ жаңадан құрылған облыс болғандықтан, сөгіспен шектелетінін мәлімдеді.
«Мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек. Он төрт адамнан айырылып қалдық. Бұл не сізге, ойыншық па?» – деп әкім жұмысын қатты сынға алған еді.
Айта кетсек, бүгін Ақордада ауыс-түйіс болды. Тоқаевтың жарлығымен Тамара Дүйсенова президентінің көмекшісі болып тағайындалды. Ал Дүйсенованың орнына Ермек Көшербаев келді.