Халал индустриясы неге танымал болып келеді

Жарияланды
Халал ұғымы тек діни қағида ғана емес, мәдени және экономикалық факторға айналып келеді/Фото: Kursiv.Media мұрағаты

Қазақстанда қазір халал индустриясы нарықтан өз орнын тапты. Әрине, мұсылмандар көп тұратын елде бұған таң болу артық. Халал индустриясы ислам заңы бойынша адамдардың тұтынуына рұқсат етілген тауарлар мен қызмет түрлері де кіреді. Оған тек тамақ өнімдері ғана емес, күнделікті қолданатын косметика, дәрі-дәрмек, киім-кешек, қаржы және туризм салалары да жатады.

Халал ұғымының тарихы

Халал ұғымы ислам дінімен тығыз байланысты. Қасиетті Құран Кәрімде және хадистерде мұсылмандарға рұқсат етілген және тыйым салынған тағамдар мен заттар тайға таңба басқандай көрсетілген. Айталық, Құранның әл-Бақара сүресінің 172-173-аяттарында Ислам дініндегілерді адал және таза тағамдарды жеуге шақырады. Қан, өлексе, шошқа етін және Алладан өзге нәрсеге арналып шалынған құрбандықтарды жеуге тыйым салынған. Халал индустриясы осы ұғымдардан бастау алады.

Исламды ұстанушы, халал ұғымы тек діни қағида ғана емес, мәдени және экономикалық факторға айналып келеді. Көптеген мұсылман елдерінде халал стандарттары мемлекеттік деңгейде бекітілген. Қазақстанға ислам банктері келіп жатыр. Соның бірі – ADCB Islamic.

Діни ұғымнан – өндіріске дейін

Қазір халал индустриясының маңызы артты. Кейбір болжамдар бойынша, 2030 жылға қарай, мұсылмандардың әлемдегі үлесі 26,4 пайызға дейін жетуі ықтимал. Миллиардтан асатын нарыққа кейбір еуропа құрлығындағы елдер де қатты қызығушылық танытып отыр. Соның бірі – Беларусь. Айталық, бұл ел Қазақстанға шығаратын экспортын 1 млрд АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр. Беларусьтің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Богданов беларусь кәсіпкерлерінің халал өнімдерін шығарып, тек қана Қазақстанға ғана емес, әлем нарығына шығу жоспарын бөліскен болатын.

Еліміздегі халал индустрияның дамуы

Елімізде халал өнімдері мен халал қызметтерге сұраныс жыл сайын артып келеді. «Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы» мен «Халал Даму» – халал сертификаттарын беретін ұйымдар. Халал индустриясы көптеген адамдар үшін өте маңызды.

Қазақстан халал индустриясында тоқталсақ, елімізде халал ет және азық-түлік – арнайы сойылған мал еті, сусындар, кондитерлік өнімдерге сұраныс мол. Одан кейін косметика және фармацевтика туралы сөз қозғауға болады. Бұл өнімдердің құрамында спирт пен шошқа майы болмауы тиіс.

Соңғы кездері халал туризм дамып келе жатыр. Қонақүйлер мен демалыс орындары мұсылмандардың талаптарын қанағаттандыруға ұмтылатын болды. Халал индустриясының көкжиегі кеңейіп келе жатқанын көріп отырмыз.

Әлемдегі халал өнімдерге сұраныс

Бүгінде халал индустриясы әлемдік нарықта қарқынды дамып келеді. DinarStandard компаниясының 2023 жылғы есебіне сәйкес, 2022 жылы халал өнімдерінің нарық көлемі 2,3 трлн доллардан асқан. Бұл көрсеткіш 2028 жылға қарай 4,2 трлн долларға дейін жетуі мүмкін.

Индонезия халал нарықта көш бастап тұр. Шариғатқа сай өнімдерді экспорттау бойынша әлемде бірінші орынға шықты. Халал стандарттау жүйесі ең дамыған елдердің бірі Малайзия екінші орынға жайғасқан.

Түркия халал туризм орталығы болып саналады. Сауд Арабиясы болса, халал косметика мен фармацевтика бойынша топ жарып жүр. Халал қаржы секторында БАӘ жетекші орында.

Халал индустриясы қазір таза, сапалы және экологиялық өнім өндірудің стандартын қалыптастырып жатыр.

Ескі де, жаңа ұғым

Қазір қазақ тілінде қызық құбылыс көрініс беріп отыр. Айталық, Ислам дінінің қазақ даласына келіп, қанат жайғанына мың жылдан асты. «Халал» ұғымы қазақ дәстүріне сіңісіп, біте қайнасып кетті десек, артық айтқандық емес. Қазақтың «адал» сөзінің түп-тамыры арабтың «халал» сөзінен шығады. Десе де, қазақ тілінде «адал» сөзінің «рұқсат етілген» деген діни мағынасы тарылып, өзгеше реңкке ие болды. «Халал», «халал индустриясы» деген сөздер заманауи мәнге ие болып, жаңа термин ретінде қалыптасып жатыр.

Яғни қазір тұрғындардың арасында дінді ұстанатындардың қарасы көбейді. Араб және орыс тілінің ықпалымен қазаққа сіңісті «адал» сөзі жаңа мағынада арабша айтылуымен қайта қолданысқа кіріп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз