![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/whatsapp-image-2025-02-14-at-18.03.22.jpeg)
Алматыдағы метроның «Қалқаман» бекетінің құрылысы республикалық бюджеттен қаржыландыруылуы керек. Бірақ бөліну керек ақша әлдеқайда кешігіп жатыр. Мемлекеттен ақша алып, құрылысты өз деңгейінде орындамай отыр деген депутат Сайыровтың шағымына «Базис-А» компаниясы осындай жауап қайтарды.
Компания сайтында жазылғандай, «Қалқаман» бекетінің құрылысына жауапты – «BAZIS Construction» ЖШС. 2020 жылы «Метрополитен» кәсіпорнымен келісім жасаған. Оған сәйкес метро құрылысы 3 жылға жетпейтін уақытта аяқталуы керек еді. Бірақ жобаға қажетті қаражат дұрыс бөлінбеген.
■ 2020 жылы республикалық бюджеттен 190,2 млн теңге бөлінген
■ 2021 жылы – 600 млн теңге
■ 2022 жылы – 0 теңге
■ 2023 жылы – 9,2 млрд теңге
■ 2024 жылы – 2,67 млрд теңге
■ 2025 жылы – белгісіз
■ 2026 жылы – белгісіз
«Мұндай қаржыландыруда метроның құрылысы белгісіз уақытқа созылуы мүмкін. Жұмыс тоқтап, тоннель қазушы жұмысшыларды сақтап қалу үшін 2024 жылдың тамызынан бастап осы уақытқа дейін «BAZIS Construction» ЖШС өз қаражатын жұмсауға мәжбүр», – деп жазылған компания жауабында.
Яғни тоннель қазу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ «Қалқаман» бекетінің құрылысы әлі басталмаған.
«Құрылыс кешігуінің негізгі себептері – тапсырыс беруші тарапынан метро станциясының құрылыс алаңында орналасқан үйлерді уақытылы сатып алмауы және сүру жұмыстарының кешіктірілуі, сондай-ақ, сіз байқағандай, қаржыландыру жеткіліксіздігі. Дегенмен, біз 2025 жылы құрылысқа қажетті қаражат республикалық бюджеттен толық көлемде бөлінеді деп үміттенеміз», – дейді «Базис-А» өкілдері депутатқа жауабында.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров «Базис-А» құрылыс компаниясын мемлекеттен миллиардтаған теңге алып отырса да, жұмыс көлемін қысқартып жатыр деп айыптаған. Осыған орай премьер-министр Олжас Бектеновтың атына депутаттық сауал жолдап, «ашкөз мердігерлерді тамақтандыруды доғарып, министрліктегі тапсырыс берушілердің тәбетін басуға» шақырған еді.
«Базис-А» холдингінің негізін қалаушы Александр Белович Қазақстандағы ең танымал бизнесмендер тізіміне кіреді. 2024 жылы әулеті 745 млн доллар деп бағаланған.