![ҚазМұнайГаз «Шветд» мұнай өңдеу зауытындағы «Роснефть» үлесін сатып алмайды](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2024/12/cover-site3213-123132-1024x576.png)
Қазақстан Ресей президенті Владимир Путиннің Германиядағы мұнай өңдеу зауытын сатып алу ұсынысынан бас тартты.
«Роснефть» компаниясына тиесілі зауыт Шведт қаласында орналасқан.
2024 жылғы 28 қарашада Владимир Путин Астанаға сапарын қорытындылап, қазақ әріптесіне компанияның зауыттағы үлесін сатып алуды ұсындым деп мәлімдеген.
Алайда OilGazK телеграм арнасы PCK Raffinerie зауытын сатып алғысы келетін үміткерлер ішінде «ҚазМұнайГаз» жоқ екенін анықтады. Үміткерлердің шағын тізімінде бір ғана компания – Qatar Investment Authority тұр.
Айта кетерлік жайт, қатарлық компания «Роснефть» мұнай компаниясының шамамен 19 пайыз үлесіне иелік етеді.
Германиядағы зауытты сатып алу жөніндегі келісімшарт жыл аяғына дейін жасалуы тиіс. Жақында Германия үкіметі елде «Роснефть» активтерін сырттай басқару мерзімін қыркүйекке дейін созды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Энергетика министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Ілиясов «ҚМГ» Шведт қаласындағы зауыт үлесін алмайды деп мәлімдеген.