Депутат: Қазақстанда 1 тонна мұнай өндірілсе, 1 доллары халық игілігіне жұмсалсын
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/2025-02-07t155700z_2027791943_rc2qpca9seqq_rtrmadp_3_kazakhstan-oil-tengiz-chevron.jpg)
Депутат Әділ Жұбанов елде өндірілген мұнайдың әрбір тоннасынан 1 долларды халық жағдайын жақсартуға жұмсауды ұсынды.
Халық жағдайы мұнай өндірісі ұлғайған сайын жақсара түссін
13 ақпанда Мәжілісте «Теңізшевройл» компаниясының қазақстандық үлесін дамыту мәселелері талқыланды. Energy Monitor телеграм-арнасы мұнай өндіруші компанияның әлеуметтік бағдарламасына назар аударды.
Парламенттегі отырыста депутаттар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына бөлінетін қаражатты талқылады.
Мәселен, Атырау облысынан сайланған депутат Әділ Жұбанов «Теңізшевройл» компаниясының «Игілік» әлеуметтік бағдарламасы бюджетін ұлғайтуды ұсынды.
«25 млн тонна мұнай өндірілді – 25 млн доллар бөлінді. Өндірісті кеңейту арқылы жылына 40 млн тонна мұнай өндірілсе, әлеуметтік бағдарлама бюджеті 40 млн долларға дейін ұлғайсын», – дейді Атырау облысынан парламентке сайланған депутат Әділ Жұбанов.
Ол Қазақстанда өндірілген мұнайдың әрбір тоннасынан 1 доллар жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бөлінгенін қалайды.
«Теңізшевройл» компаниясының басшысы әлеуметтік бюджетті ұлғайту мәселесін акционерлер деңгейінде талқылау қажет еткенін айтқан. Себебі «Игілікті» мұнай өндіруші компания өз еркімен ашқан және қаражатты жеке есебінен аударып отыр.
Қазақстан заңнамасы мұнай өңдеуші компаниялар табыстың 1 пайызын аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсап отыруға міндетті. Бірақ мұндай талаптан «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» және NCOC босатылған.
Әлеуметтік жобаларға кім қанша аударып отыр?
Соған қарамастан, «Теңізшевройл» «Игілік» әлеуметтік бағдарламасының бюджетін 25 млн долларға ұлғайтқан. EM пікірінше, заң талабын ТШО-ға қойса, жылда әлеуметке кемі 50 млн доллар аударар еді.
Айта кетерлік жайт, «ҚПО» кәлеуметтік жобаларға жыл сайын 70 млн доллардан астам қаражат бөліп отыр.
«Теңізшевройл» 2024 жылы 27,8 млн тонна шикі мұнай өндіріп, 1,2 млн тонна сұйытылған газ сатқан. Компания алдағы жылдары өндіріс көлемін арттыруды көздеп отыр.
«Теңізшевройл» 1993 жылы Қазақстан үкіметі мен америкалық Chevron компаниясы арасындағы 40 жылдық келісім-шарт негізінде құрылған. Бірлескен компания 1998 жылы «Игілік» бағдарламасын ашып, бюджетін 25 млн долларға дейін ұлғайтқан.
Бұған дейін Kursiv.Media Теңіз мұнай-газ кенішінде мұнай өндірісі кеңейгені туралы жазған.
Америкалық Chevron шығынды азайту мақсатында жұмысшылардың 20 пайызын қысқартуды қолға алғаны мәлім болған.