![кофе жүгері](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2022/01/old-image-66012.jpg)
Соңғы жылдары Қазақстанда кофе ішу мәдениеті қарқынды дамып келеді. 2024 жылы эспрессо бағасы 16%-ға қымбаттаса да, оны тұтыну 10%-ға артқан.
Кофе – жаңа дәстүр
Әлем бойынша күн сайын 2,25 миллиард шыныаяқ кофе ішіледі. International Coffee Organization мәліметінше, жыл сайын кофе тұтыну 1-2%-ға өсіп отыр. Бұл жаһандық тренд Қазақстанда да байқалады.
2019-2023 жылдар аралығында Қазақстанға кофе импорты 1,8 есеге артқан. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, импорт 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы 7,5%-ға көбейді. Euromonitor International мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын кoфе тұтыну орта есеппен 5-7%-ға өсіп отырады. 2024 жылы жергілікті нарықтың көлемі 12,85 мың тоннаға жеткен, оның 35%-ын дәнді және ұнтақталған кофе құрайды.
Алматыдағы YOLO кофеханалар желісінің негізін қалаушы Нысанбаев Саламаттың айтуынша қазақстандықтар кофеханаларға тамақтануға ғана емес, сонымен қатар демалыс пен жұмыс жасауға да келеді.
«Бүгінде кофеханалар адамдар кездесетін, келіссөздер жүргізетін және жұмыс істейтін орынға айналды. Кофені қазіргі өркениеттің судан кейінгі сусыны деп айта аламыз» – дейді кәсіпкер.
Қазақстандықтар қандай кофені ұнатады?
Poster зерттеуіне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстандағы ең танымал кофелік сусын – латте. Екінші орында капучино. Үшінші орында американо. 2023 жылы да осы үштік көш бастап тұрса, ол кезде капучино бірінші орында болған.
«Кoфе Қазақстанда күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Әсіресе жастар арасында оның танымалдығы артып келеді. Капучино мен латте әлі де көш бастап тұр, бірақ классикалық кофелерге де қызығушылық қайта оянып жатыр», – дейді Poster компаниясының негізін қалаушы Родион Ерошек.
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/kofe-almaty-1024x362.png)
«Қазақстан кофенің “екінші толқынын» бастан кешіп жатыр. Яғни, кофе жай ғана сусын емес, мәдениеттің бір бөлігіне айнала бастады. Дәнді кофеге, кофемашиналарға сұраныс артып келеді. Ал «үшінші толқын» – Specialty кофе ішетін, сапа мен дайындау тәсіліне мән беретіндер – әлі де азшылық”, – дейді Spectre Coffee оқу орталығының директоры Роман Пан.
Нысанбаев Саламаттың да айтуынша, елімізде «үшінші толқын» кофеге сұраныс қарқынды түрде артып келеді.
«Бұрын адамдар кофемашинадан шыққан кофеге қанағаттанса, енді ерекше дәм мен сапаға мән бере бастады. Мысалы, күніне біздің кофеханаларымыздың бірінде 100 кофе сатылса, оның төрттен бірі Specialty бағытта дайындалған кофе. Әрі тұтынушыларымызда сұраныс артқандықтан, жоғары сұрыптағы кофе өндіруші елдерден де арнайы кофе түрлерін алдыртамыз”, – дейді кәсіпкер.
Баға өсіп жатыр, сұраныс төмендей ме?
2024 жылы альтернативті кофенің орташа бағасы 1900-2000 теңге болды. Бұл бір жылда 30%-ға қымбаттаған. Бұған кoфе өндірісінің қымбаттауы мен дайындау әдісінің күрделілігі әсер еткен.
Классикалық эспрессоның орташа бағасы 800 теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға жоғары (2023 жылы 690 теңге болған). Латте 13,3%-ға қымбаттап, 1190 теңге болды.
2025 жылы кофе одан да қымбаттауы мүмкін. Қаңтар айында арабика бағасы 74%-ға, робуста бағасы 65%-ға өсті. Бұл – кофе өндірісінің негізгі елдері Бразилия мен Вьетнамда орын алған құрғақшылықтың салдары.
![](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2025/02/kofe-almaty-2-1024x954.png)
Баға өссе де, қазақстандықтардың кoфе тұтыну әдеті өзгермеуі мүмкін. «Адамдар кофеге үйреніп қалды. Баға көтерілгенімен, олар кофеден бас тартпайды. Бірақ арзанырақ сорттарға ауысуы мүмкін», – дейді Роман Пан.
Қымбатшылық – кофе ішу мәдениетіне кедергі емес
Кoфе – Қазақстанда күнделікті өмірдің маңызды бөлігіне айналды. Бағаның көтерілуі кофеханаларға баруды азайтпауы мүмкін, себебі кофені тек сергітетін сусын ретінде емес, жаңа өмір салтының элементі ретінде қабылдайтындар көбейді.