Қазақстанда халықаралық іздеуде жүрген бірнеше қылмыскер ұсталды
![алаяқ](https://cdn-kz.kursiv.media/wp-content/uploads/2022/01/old-image-84357.jpg)
Құқық қорғау органдары ел аумағында ауыр қылмыстар жасап, халықаралық және мемлекетаралық іздеуде жүрген бірнеше күдіктіні қолға түсірді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Алматыда аса ірі көлемде алаяқтық жасаған ер адам ұсталды
Алматы қаласының криминалдық полиция қызметкерлері аса ірі көлемде алаяқтық жасаған ер адамды ұстады. Ол 2023 жылдың қараша айында өзін кәсіпкер ретінде таныстырып, жәбірленушіге тендерге қатысып, үлкен пайда табуды уәде еткен. Осылайша, 76 миллион теңгеден астам ақшаны және Lexus 570 маркалы автокөлігін иемденген.
Маңғыстауда көрші елдің азаматы қолға түсті
Маңғыстау облысының «Бейнеу» теміржол станциясында көрші елдің азаматы ұсталды. Ол Атырау қаласында 2023 жылы ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында 19 миллион теңге тұратын тауарды қоймадан жасырын ұрлаған.
Қарағандыда 1 млрд теңгені жымқырған күдікті қамауға алынды
Қарағандыда мемлекетаралық іздеуде жүрген күдікті ұсталды. Ол Шымкенттегі ломбард филиалының директоры болып жұмыс істеген кезде өз серіктестерімен бірге 1 миллиард теңгені жымқырған. Күдікті ломбард қаражатын заңсыз иемденіп, талан-таражға салған деп күдіктеліп отыр.
Барлық ұсталған тұлғалар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жалғастыруда.