Сиқырлы тарақ, Лондонның сән әлемінде төңкеріс жасаған Ару Сұлтан, Әмір Темірдің сарайында асылған ет – Qalam Global осы аптада не жазды?

Жарияланды 15 Ақпан 2025 10:00

Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

фото: Qalamglobal

Тарақ сыйлаған жігітті көрмей жатып ғашық болған қызды білесіз бе? Әмір Темірдің сарайында ет асудың қандай ерекше қағидалары сақталғанынан хабарыңыз бар ма? Qalam Global редакциясы осы аптада осы және өзге түрлі қызық тақырыптар бойынша ізденіп, тамаша мақалалар ұсынған.

Лондон сән өнерінде төңкеріс жасаған Ару Сұлтанның хикаясы

Орта Азиядан шыққан Ару Сұлтанның Лондонның сән өнеріне төңкеріс жасағаны жайлы естіп пе едіңіз? Ару Сұлтан — ағылшын тілді әлемде «Aura Soltana» деген есіммен белгілі, бірақ болмысы мен хикаясы әлі күнге жұмбақ тұлға. Алайда кейінгі жылдары ару туралы жаңа деректер пайда болып жатыр. 

Лондонға келгеннен кейін көп ұзамай Ару Сұлтан I Елизавета патшайымның

сарайында фрейлина болған. Осы кезеңде сарайда жүріп ол сол замандағы сән әлемінің жаңа тенденцияларын қалыптастыруға көп үлес қосқан. Тіпті Елизаветаның жоғары қоғамындағы әйелдер қауымының арасында былғарыдан тігілген биік өкшелі аяқ киімнің кең тарағанына да осы Ару Сұлтан себепші болған деген дерек бар.

Qalam Global осы аптада осы тұлғасы жұмбақ Ару жайлы өте қызық хикая-дерек жариялаған. Бес бқлімнен тұратын мақалада Ару Сұлтанның қайдан келгені де толық баянадалады. Сонымен қатар  «Энтони Дженкинсонның Шығысқа жасаған экспедициялары», «Елизавета заманындағы сән иконасы», «Дау тудырған тұлға: күң бе, ақсүйек пе, әлде дипломатиялық уәкіл ме?», «Портрет және Құпия мұра» деген өзге төрт бөлімінде де Ару Сұлтан жайлы тың деректер ұсынылған.

Жолбағдар: Қола дәуіріндегі жол белгілері

Адасып, жол таппай аңтарылып қалғанда тау-тастағы белгілер мен суреттер көмектесуі мүмкін. Сену қиын болса да, бұл – рас дерек. Ольга Гумированың соңғы мақаласы да дәл осы дерек жайлы.

Жетісу өңірідегі Алабасы таулары – соқпақ-соқпақ біткен құбылыс. Содан да болса керек, қай жолдың қайда апаратынын түсініп болмайсың. Құдды бір ұшы-қиыры жоқ лабиринт сияқты. Алайда петроглифтерге зер салсаңыз, нағыз жолбағдар – солар.

Тау-тасқа қашап салынған жануар бейнелері – түйенің, жылқының, ешкінің және тағы басқа суретін сіз де көрген шығарсыз. Тек елемей өтіп кеткен болуыңыз мүмкін. Расымен, бір қарағанда бұл суреттердің қандай да бір тарихи құндылығы жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес. Кейінгі зерттеулер осы сияқты суреттердің  жолаушыға қандай да бір соқпақтың қайда апаратынынан хабар беретін жол белгісі екенін растады. 

фото: Qalamglobal

Оны аз десеңіз, кейбір петроглиф белгі әдейі алыстан бірден көзге түсетіндей етіп жасалған. Мысалы жотаның етегінде немесе тіпті сонау төмендегі алқапта кетіп бара жатқан салт атты адам байқай алатын петроглифтер де бар. 

«Ақпарат тақтасы» аталып кеткен петроглифтер жайлы қызық мақаланы толық оқып шығуға кеңес береміз.

Әмір Темірдің сарайында етті қалай асқан?

Өркениеттің отаны саналатын, ежелгі салт-дәстүрлердің бесігі, әртүрлі идеологиялар, мәдениеттер мен наным-сенімдер тоғысқан жер, шығыстық колорит сақталған аумақ — Орталық Азия ертеден алыс-жақыннан ат арылтып келген саяхатшылардың қиялына қанат бітірген. Qalam Global дәл солай Орталық Азия жеріне бір кездері сапар шегіп, шабыт алып, түрлі қолжазба жазып қалдырған саяхатшылардың естеліктерін зерттеп, арнайы материалдар сериясын әзірледі. 

Өткен аптада дәл осы сериядан Бұқара қазақтары жайлы қолжазбадан табылған қызық деректер туралы баяндаған едік. Бұл жолғы деректер испан дипломаты Руй Гонса́лес де Клави́хоның 1404 жылғы сапарында тіркелген. Саяси мақсаттағы сапарға шыққан Клавихо ОРталық Азия жерінде бас-аяғы жарты жыл болған деген дерек бар. 

фото: Qalamglobal

Қолжазбасында ол Әмір Темір сарайындағы қонақжайлықты, қонақ күту тәртбін және тіпті етті қалай әзірлеп, қонақтарға қалай тартқанына дейін тәптіштеп жазып шыққан.

Тарақ туралы мифтік хикая

Ханның қызы тұтқынға түскен батырға тарақ сыйға тартқаны үшін ғашық болуы мүмкін бе? Жігітті көрмей жатып ғашық болардың бұл сыйлықтың астарында не мән бар? Qalam Global осы бір қызық мифтік хикая жайлы сұрақтарды қазақ мифологиясын зерттеуші, киносценарист, жазушы, философиялық ғылымдар кандидаты Зира Наурызбаймен талқылаған.

фото: Qalamglobal

«Қобыланды батыр» жырында бас кейіпкер Көбікті ханның зынданында жатып, ешкінің мүйізінен тарақ жасайды. Ол осы тарақты шопанға беріп, оны Көбікті ханның қызы Қарлығаға жеткізуін сұрайды. Сыйлыққа тарақ алған ханның батыр қызы Қарлыға болса, тұтқынның түрін көрмей жатып-ақ, оған бірден ғашық болады. Тазша кейін оның өтініші бойынша қызды батырмен кездестіреді. Ал Қобыланды батыр болса, оны балағаттап қуып жібереді. Ал кейін Қарлыға сол тұтқындағы батыр үшін әкесінен, отбасынан, тіпті бүкіл елінен бас тартып, бәрін сатып кетеді. Қобыландыны зынданнан құтқарып алып, әкесі мен ағасын өлтіруге көмектеседі.  

Зира Наурызбай бұл жырға автордың өзі күмәнмен қарайтынын, мұндағы басты сиқыр мен ұлы күш сол бір тарақтың құдіретінде жатқанын айтады. Сонда қарапайым тарақтың қандай құдіреті бар? Қазақ мифологиясында оған қандай мағына беріледі? Ал қазақтың салт-дәстүріндегі тарақтың алар рөлі қандай? Хикаяның мәні мен ғибратын түсіндіру үшін Зира Наурызбай осы сұрақтар негізінде талдау жасаған.

Сондай-ақ оқыңыз