Алматыдағы хайуанаттар бағын көшіру жоспарда жоқ – Алматы әкімдігі

Алматы қаласының Мәдениет басқармасы Алматы хайуанаттар бағының жұмысына қатысты ресми мәлімдеме жасады. Әкімдік «зообақты көшіруі мүмкін» деген ақпаратты жоққа шығарды.
Басқарма мәліметінше, хайуанаттар бағы өзінің қазіргі орында қызметін жалғастырады. Сондай-ақ қала аумағын дамыту жоспары шеңберінде, хайуанаттар бағы халықаралық стандарттарға сәйкес зоогеографиялық принциптер негізінде жаңғыртылады.
Әкімдік хайуанаттар бағын реконструкциялауға қатысты жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша байқау өткізуді жоспарлап отыр. Реконструкциялау жұмыстары кезең-кезеңімен 2028 жылға дейін жүзеге асырылмақ.
«Жоспарланған реконструкциялау шеңберінде жүргізілетін жұмыстар жануарларды ұстау жағдайын едәуір жақсартуға және хайуанаттар бағына келушілер үшін жайлы болуына жол ашады», – делінген баспасөз хабарламасында.