Астана әкімі қалада қанша «жайлы мектеп» салынатынын айтты

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қалада 24 «жайлы мектеп» салынатынын айтты. Бұл туралы әкім өзінің әлеуметтік парақшасында жазды.
«2024 жылы білім ошағын 12,5 мыңнан астам оқушы тәмамдады. Ал сол уақытта бірінші сыныпқа 28,5 мыңнан астам бала барды. Бірінші сынып оқушыларының саны түлектер санынан 2 есе асып түседі. Тиісінше қалада жыл сайын мектеп салу қажет», – деп жазды әкім.
Әкім мәліметінше, биылғы оқу жылының басынан бері 24 оқу орны салынып, қолданысқа берілген.
«Бұл – елорда үшін рекорд», – дейді әкім.
Пайдалануға берілген мектептерде екі ауысымда 66 мың бала оқи алады. 24 мектептің 16-сы жайлы мектеп. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада жаңа форматтағы 24 мектеп салынбақшы. Ол мектептерде екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушы оқитын болады.
«Жаңа оқу жылында тағы 15 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Оқу орындарының құрылысына да жеке қаражат тартамыз», – деді Қасымбек.