Путин мен Трамп ақпанның аяғында Сауд Арабиясында кездесуі мүмкін – Bloomberg

Жарияланды
Путин Трамп
Путин мен Дональд Трамп ақпанның аяғында немесе наурыздың басында кездесуі мүмкін / Фото: REUTERS/Maxim Shemetov

Владимир Путин мен Дональд Трамп Украина мәселесін талқылау үшін Сауд Арабиясында Рамазан айы басталғанға дейін кездесуі мүмкін. Бұл туралы өзінің дереккөздеріне сілтеме жасап, Bloomberg басылымы хабарлады.

Басылым хабарлауынша, екі ел басшысының кездесуін ұйымдастыру үшін бірінші АҚШ пен Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктері кездесу өткізеді. Олар Трамп пен Путиннің кездесуін алдын-ала жоспарлап, Украинадағы соғысты тоқтату мәселесін күн тәртібіне енгізбекші.

Бұл кездесуден ЕО елдері әлі де хабарсыз. Тіпті Украина тарапына да бұл кездесуге қатысты толық ақпарат берілмеген.

Келіссөздерге кімдер қатысады?

Сонымен бірге кездесуге қатысатын адамдар тізімі де нақтыланбаған. Бірақ алдын ала ақпаратқа сенсек, кездесуге ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілер қатысуы мүмкін.

Бұл келіссөздерді Сауд Арабиясының ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Мусаед әл-Айбан жүргізетіні айтылады. Ал АҚШ тарапынан кездесуге Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Вальц пен арнайы өкіл Стив Виткофф қатысады деген ақпарат бар.

Ал Путин бұл келіссөздерге ондаған жылдық тәжірибесі бар мамандарын жіберуді көздеп отыр. Олардың қатарында Кремльдің сыртқы саясат жөніндегі бас кеңесшісі, дипломат Юрий Ушаков пен Путиннің бас тыңшысы аталып кеткен Сергей Нарышкин бар екені айтылады.

Путин мен Трамп бұған дейін телефон арқылы сөйлескен

Айта кетсек, 9 ақпанда АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Трамп әңгіме барысында Путиннің Ресей мен Украина арасындағы соғысты және адам өлімін тоқтатуға ниетті екенін жеткізген.

13 ақпанда Трамп Украина президенті Владимир Зеленскиймен де бір сағатқа жуық телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме кезінде Зеленский бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндіктерін талқылап, оны жүзеге асыруда командалық деңгейде бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз