Шерзаттың өліміне қатысы бар күдіктілер түрмеде туған күн тойлаған

Жарияланды
Шерзат Полаттың ісіне екі қорғаушы қосылды
Шерзат Полаттың қазасына байланысты тергеу изоляторына қамалғандар туған күнін тойлаған / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Әлеуметтік желіде Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар күдіктілердің туған күнін тойлап жатқаны туралы видео тарады. Алматы облысының полициясы бұл жағдайға байланысты тексеру басталғанын хабарлады.

Түрмеде Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар адамдардың туған күнін тойлап жатқаны туралы видео таралғанын қоғамдық қорғаушы Саида Тәуекелова хабарлады. Аталмыш видеода қамалғандардың көтеріңкі көңіл күйде «Алисаға» тапсырма беріп, туған күн туралы ән қоюды сұрап жатқандары бейнеленген.

«Күдіктілердің изоляторда отырып, туған күн тойлап жатқаны туралы видео келіп жатыр. Біз бұл мәселе бойынша Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға, Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне арыз жолдадық», – деп хабарлады Саида Тәуекелова.

Шерзаттың қорғаушылары Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің жұмысын сынға алды. Тәуекелованың айтуынша, қамалғандарға қатысты изоляторда ұстау талаптары сақталмайды. Бұл мәселеге қатысты Айтбек Амангелді де пікір білдірді. Ол изолятордың санаторийге айналып кеткенін айтты.

«Біз сонда не үшін жұмыс істеп жатырмыз? Қылмыскерлерді санаторийге жіберу үшін еңбектеніп жатырмыз ба? Тек тергеу изоляторларында емес, түрмелерде де осындай жағдай қалыптасқан. Барлық мекемелердің жұмысын тексеруді талап етемін», – деп мәлімдеді Айтбек Амангелді.

Қорғаушы Карина Көшербаева бұл видеодан Шерзатты өлтіргендердің өз ісіне өкінбейтінін көруге болатынын айтты. Адвокат құзырлы органдардың жұмысын сынға алып, бұл оқиғадан соң қорғаушы тараптың тиісті органдарға хат жолдағанын жеткізді.

Ал Алматы облыстық полициясы бұл іске қатысты тексеріс басталғанын хабарлады.

«Уақытша ұстау изоляторынан бір тұтқынның туған күнін атап өтуі бейнеленген видеоның таралу фактісі бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде. Барлық кінәлі тұлғалар, соның ішінде басшылық та, қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды», – делінген полиция хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз