Туысының пәтерінде адам азаптаған полицейлер шартты жаза алды

Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты күдіктіні азаптаған екі полицейді шартты жазаға кесті.
Мән-жайы
2023 жылы 29 наурызда полиция қызметкерлері бірінің туысының пәтерінде жәбірленушіні бөтеннің мүлкін ұрлағанын мойындату үшін азаптаған. Полицияның заңға қайшы әрекеттерінің салдарынан жәбірленуші тән азабын тартқан.
Үкім
«Кінәні мойындау туралы процестік келісімін ескере отырып, сот үкімімен сотталушыларға 3 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді», – делінген сот хабарламасында.
Полицейлер арнаулы атақтарынан және мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылған.
Үкім заңды күшіне енді.
Қылмыстық істі Алматы қаласының арнайы прокуроры тергеп-тексерген.
Прокуратураның ұсынуы бойынша қарамағындағылардың қызметіне бақылау жүргізбеген әрі қызметтік міндеттерін тиісінше орындамаған 10 полиция қызметкері, оның ішінде 5 құрылымдық бөлімше басшысы тәртіптік жауаптылыққа тартылған.
Қазақстанда құзырлы органдар тарапынан жасалатын азаптау фактілері тыйылмай отыр. Ұлытау облысында да полицейлер әкімшілік жазаға тартылған азаматты азаптағаны анықталған.
Жуырда БҰҰ-да Қазақстандағы адам құқығы мәселесі қаралып, бірқатар мемлекет Қазақстандағы азаптау фактілеріне алаңдаушылық білдірген.