Шерзаттың қазасына күдіктілер туған күн тойлауда: адвокаттар полицияның жауабын жариялады

Шерзат Полаттың қазасына күдіктілердің тергеу изоляторында туған күн тойлағанына байланысты қызметтік тексеріс басталды. Бұл туралы жәбірленуші тараптың қорғаушылары онлайн өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Мән-жайы
Алматы адвокаттар алқасының мүшесі Асылбек Әбдірайымов аталған факті Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторында болғанын, соған байланысты Бас прокуратураға сауал жолдағанын жеткізді.
Құқыққорғаушылардың сауалына Алматы облысы полиция департаментінен жауап келген.
Полиция жауабы
Полиция жауабында аталған факті бойынша қызметтік тексеру тағайындалғаны, оған қатысты лауазымды тұлғалар анықталып, оларды тәртіпті жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатқаны айтылған.
Полиция мәліметінше, қазіргі уақытта күдіктілерден телефон, колонка тәркіленіп, уақытша ұстау изоляторындағы бейнежазбалар алынған.
Күдіктілердің бір камерада отыруы
Сондай-ақ құзырлы органдарға күдіктілер неліктер бір камерада жүргені туралы сауал жіберілген. Әзірге оған байланысты жауап келмеген.
«Шерзаттың соты»
Жиында адвокаттар Шерзаттың қазасына байланысты іс материалдарымен әлі танысып жатқанын, сот бұған дейін де айтылғандай наурыз айында өтуі мүмкін екенін атап өтті
Желіде Шерзат Полаттың өліміне күдіктілер тергеу изоляторында туған күн тойлап жатқан видео тараған. Видеодан қамаудағылар «Алисаға» туған күн туралы ән қойып беруді сұрап, думандатып отырады.
16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда Талғар қаласында отбасылық дүкеннің жанында болған төбелес кезінде кісі қолынан қаза тапқан. Ұзамай әлдекімдер марқұм тұрған үйді өртеп кетті. Арада екі ай өткенде Шерхзаттың ағасы, қайғылы оқиғадағы негізгі жәбірленуші әрі куәлердің бірі Нұрқанат Ғайыповтың мәйіті табылды. Ресми органдар ол өзіне қол салғанын мәлім етті. Жасөпірімнің қазасына байланысты 11 адам қамауға алынған. Үйді өртеу ісі бойынша кінәлі табылмады.