Такси қызметі: біреудің атынан тіркелу қиындап, жүргізуші туралы деректер жиналады

Такси қызметінің жұмысын ашық әрі қауіпсіз ету үшін қызметті бақылау тетіктері артады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың Amanat партиясының депутаттарына берген жауабында айтылады.
Жаңа заң
Вице-премьер жолаушы тасымалы қызметін реттеу және қауіпсіз ету мәселелері Мәжіліс қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы аясында реттелетінін атап өтті.
Ақпараттық жүйе құрылады
Заң жобасы шеңберінде өзін-өзі реттеу ұйымдары жүргізушілерді тіркейтін, олардың жұмысына мониторинг жүргізетін, оларды бақылайтын ақпараттық жүйе құрады. Ол жүйе Көлік министрлігінің интеллектуалды жүйесімен интеграцияланады. Яғни жүйе іске қосылған соң, Үкімет әр такси жүргізушісі туралы ақпаратқа қол жеткізе алатын болады.
«Бұл ретте, ақпараттық жүйенің функционалына тіркеу кезінде (оның ішінде тапсырысты алу кезінде) жүргізушілерді цифрлық верификациялау енгізілетін болады», – делінген жауапта.
Скляр сондай-ақ заң талаптары күшіне енгеннен кейін, күнделікті верификация арқылы такси агрегаторларының қауіпсіздік талаптарына сай келетін жүргізушілердің жалпы тізілімі жасалатынын жеткізді. Егер заң бұзу фактілері анықталса, өзін-өзі реттеу ұйымдары тиісті шара қабылдау үшін бақылаушы мемлекеттік органдарға дереу хабарлап отыруға міндеттеледі.
Бұл не үшін жасалады
Жолаушы тасымалы саласындағы маман Жүсіп Жұбат бұл норма іске асқаннан кейін, біреудің атынан тіркеліп такси қызметімен айналысу қиындайтынын айтады.
«Такси сервистерінде біреудің атынан тіркеліп істейтін, жалған атпен жүрген жүргізушілер кездеседі. Бұл бірдеңе бола қалса, сол жүргізушіні тауып алуды қиындатады. Заң жобасында көзделіп отырған күнделікті верификация сияқты норма осындай жағдайлармен күресуі үшін енгізілгелі отырса керек», – дейді маман.
Сондай-ақ заң бойынша жол ақысын төлеу кезінде тасымалдаушы, жолаушы, жол жүру уақыты және маршрут туралы ақпаратты көрсететін тәртіп енгізіледі. Маман Үкімет мұны QR арқылы төлеу сияқты тәсілдермен жүзеге асыруы мүмкін деп топшылайды.
«Қазіргі кезде агрегаторлар таксистерді жолаушы тасымалдаумен айналысатын жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге ынталандырып жатыр. Тіркелмесең, тапсырыс мүлде берілмейді, не өте аз беріледі. Енді жеке кәсіпкер ретінде тіркелген таксистерге төлемді QR арқылы қабылдайтындай етуі мүмкін. Сол кезде тасымалдаушының аты, қызметтің түрі, сәйкесінше жолаушы туралы дерек те көрсетіледі. Мен әзірге осындай жолды көріп тұрмын», – дейді Жүсіп Жұбат.
Роман Скляр депутаттарға берген жауабында таксопарктердің жұмысына байланысты өзгерістерді де айта кетті. Оның сөзінше, 2025 жылғы 5 сәуірден бастап техникалық тексеріп-қарау операторларының қызметі рұқсат беру тәртібіне көшеді. Осы арқылы заң талаптарына сәйкес келетін және ӨӨРҰ-ның мүшелеріне қызмет көрсетуге құқығы бар операторлардың тізімін верификациялау жүргізілмек.
Биыл такси қызметіне көптеген өзгеріс енгізілді. Енді танымал сервистер жолаушы тасымалында серіктестік құрған жүргізушілерге басымдық беріп жатыр. Сондай-ақ рөлі оң жақтағы көліктер интернет агрегаторлардан өшірілді.
Сонымен қатар Көлік министрлігі такси жүргізушілері интернет-агрегат орлардың жұмысына шағымдана алатынын айтқан.