Қазақстан Швейцарияның атом станциялары үшін уран жеткізеді

Қазақстан Швейцарияның атом станциялары үшін уран жеткізеді. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» швейцариялық Axpo Power AG және Kernkraftwerk Leibstadt AG (KKL AG) компаниясымен осындай келісімге келген.
Қазақстан ураны Швейцариядағы Бецнау және Лейбштадт атом электр станцияларына жеткізілмек.
«Бұл келісімшарт біздің тарату арналарын әртараптандыру стратегиясындағы маңызды қадам. Ол сондай-ақ энергетикалық қауіпсіздік пен декарбонизацияны қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарып, біздің әріптестігімізді нығайтуға мүмкіндік береді. Швейцарияның атом энергетикасы үшін табиғи уранды ұзақ мерзімді жеткізуді қамтамасыз етеді», – деді «Қазатомөнеркәсіптің» коммерция жөніндегі бас директоры Владислав Байгужин.
Axpo Power AG ядролық отын жөніндегі басшысы доктор Бруно Циммерман «Қазатомөнеркәсіппен» келісімшартқа қол қою Axpo және KKL AG үшін стратегиялық маңызға ие» екенін атап өткен.
Қазақстан 2024 жылы уран өндірісін 10% арттырды. «Қазатомөнеркәсіптің» 2025 жылға арналған өндірістік жоспарына сай, 25-26 500 тонна уран өндіру жоспарланған.
Ұлттық атом компаниясының акцияларының 75%-на «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры иелік етеді.