
Алматыдағы «Сауран» базарының қоймаларының бірінде шыққан өртті құтқарушылар бір жарым сағатқа жуық сөндірді. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Өртті ауыздықтауда жақын маңда жоғары вольтті жарық желісінің болуы қиындық тудырған. 80-ге жуық өрт сөндіруші тілсіз жаумен күресіп, қызыл жалын 350 шаршы метрге жайылған.
«Өртті сөндіру кезінде қоймадағы заттардың қатты жанатыны, сондай-ақ жақын жерде жоғары вольтты электр беру желісінің орнатылғанынан қиындай түсті», – делінген хабарламада.
Оқиға орнында ТЖД бастығы Нұрлан Атығаевтың басшылығымен арнайы штаб құрылған. Тілсіз жаумен күреске 77 өрт сөндіруші, 19 техника жұмылдырған. Сағат 22:19-да өрт толығымен сөндіріліп біткен.