Жаңалықтар

Алматы қаласында экс-шенеунік Алмасхан Ахмеджановқа сот үкімі шықты

Ахмеджановпен бірге тағы да бес адам сотталды/фото: KursivMedia мұрағаты

2024 жылғы 17 ақпанда Алматы қаласы бойынша Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Алмасхан Ахмеджановқа қатысты сот үкімі шықты.

Bes Media мәліметінше, сот күдіктілерді лауазымын асыра пайдаланды, алаяқтыққа жәрдем берді, сеніп тапсырылған мүлікке қол салды, пара алды деп тапты.

Қандай жаза қолданылады?

Бұрынғы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.

Тағы кімдер сотталды?

Сот үкімі бойынша Алмасхан Ахмеджановпен бірге айыпталған тағы да бірнеше лауазымды тұлғалар сотталды.

Атап айтқанда, Ардақ Самамбетов – Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы. Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ерлан Жармұхамбетов – Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының Жерге орналастыру, жерді алу және резервке қою бөлімінің бұрынғы басшысы. Оған 14 жыл жаза кесілді. Алмазхан Бакиров – бағалау компаниясының басшысы, 8 жылға сотталды. Мұханбеталы Шалқарбеков пен Берік Үскембаев – кәсіпкерлер, 5 жылға шартты түрде сотталды.

Істің қысқаша мазмұны

Бұрынғы Алматы қаласының Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов 2023 жылдың шілде айында ұсталған болатын. Тергеу барысында оның және бірге айыпталған тұлғалардың заңсыз жер бөлу, жемқорлық және қызмет бабын асыра пайдалану әрекеттеріне қатысы бары анықталды.

Бұл іс Алматы қаласының құқық қорғау органдары жүргізген кең көлемді тексеру нәтижесінде әшкереленді. Сот процесі бірнеше айға созылып, ақыры күдіктілерге ауыр жаза тағайындалды.

Мұның алданда Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыда лай көшкіні болған аумақтағы жер телімінің нысаналы мақсаты заңсыз өзгертілгенін айтып дабыл қаққан еді.