Алматыдан Қытайға ұшу оңайлай түсетін болды

Алматыдан Қытайға ұшу туристер мен кәсіпкерлер үшін оңайлай түспек. Өйткені Алматы қаласы мен Қытайдың ірі қалалары арасындағы әуе қатынас кеңейтілуі мүмкін. Бұл мәселе Алматы әкімі Ерболат Досаев пен Қытайдың Air China Limited авиакомпаниясының төрағасы, China National Aviation Holding Company президенті Ма Чунсяньмен кездесуі барысында талқыланды.
Досаевтың Қытайға сапары
Кездесу қала басшысының Қытайға жасаған ресми сапары аясында өтті. Алматы әкімі Ерболат Досаев Қытайға ресми сапары аясында Бейжің қалалық жоспарлау орталығының жұмысымен танысты.
Жаңа рейстерді ашу туралы келіссөздер де нәтижелі аяқталған. Алматы әкімдігі мен Қытайдың ұлттық әуе тасымалдаушысы Air China меморандумға қол қойды. Құжат екі ел арасындағы туристік және іскерлік байланысты нығайтуға, Алматыдан Қытайға жаңа әуе бағыттарын ашуға мүмкіндік бермек.
Алматы – Бейжің және Алматы – Чэнду
Тараптар Алматы – Бейжің бағытында қосымша рейс және Алматы – Чэнду жаңа рейсін ашу мүмкіндігін қарастырды. Бұл жолаушылар ағынын ұлғайтуға және логистиканы жеңілдетуге бағытталған. 2024 жыл – Қазақстан туризмінің Қытайдағы жылы, 2025 жыл Қытай туризмінің Қазақстандағы жылы болып белгіленді.
Алматыдан Қытайға қатынайтын әуе рейстерінің ашылуына екі ел арасындағы туризмнің жандануы түрткі болып отырғаны анық. Айталық, 2023 жылы Алматыға Қытайдан 95,3 мың турист келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 54%-ға артық. 2024 жылы Алматыға 2 миллионға жуық турист келсе, оның 600 мыңнан астамы –шетелдік қонақтар. 2025 жылы 2,3 млн турист келеді деп болжам жасалып отыр. Оның 700 мыңы шетелдік турист болады.
Жаңа бағыттар қашан іске қосылады?
Алматы – Бейжің қосымша рейсі және Алматы – Чэнду жаңа рейсі 2024 жылдың маусым айында іске қосылады. Бұған қала әкімдігі Көлік министрлігімен бірлесіп, тиісті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұған дейін, яғни 2024 жылы Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалы іске қосылды. Өткізу қабілеті жылына 14 миллион жолаушыға дейін артты. Бұл қалаға келетін халықаралық туристер санының өсуіне ықпал етпек.
Қазір Қытайдың қандай қалаларына ұшуға болады?
Қазіргі таңда Алматыдан Қытайға қатынайтын тікелей рейстер бар. Атап айтқанда, Бейжің – айына 53 рейс (Air Astana – 22, China Southern Airlines – 31), Үрімші – айына 61 рейс (Air Astana – 17, China Southern Airlines – 44), Сиань – айына 9 рейс (China Southern Airlines), Ханчжоу – айына 18 рейс (Loong Air), Санья – айына 9 рейс (Air Astana).
Air China туралы дерек
Айта кететін жайт, Air China – Қытайдың жетекші әуе тасымалдаушысы және Star Alliance халықаралық авиациялық альянсының мүшесі. Оның әуе паркі 952 ұшақтан тұрады, оның ішінде 535-і Air China компаниясына тиесілі.
Мұның алдында Қазақстаннан Қытай, Вьетнам және Мысырға жаңа әуе рейстері ашылатыны туралы хабарлаған едік.