ХАМАС Газа секторынан кететін болды

ХАМАС қозғалысы Газа секторын Палестина ұлттық әкімшілігіне беруге дайын екенін мәлімдеді.
Sky News Arabia мәліметінше, ХАМАС бұл шешімді Каирдегі келіссөздер барысында Мысырдың қысымымен қабылдаған.
ХАМАС талабы
Палестина азат ету ұйымының басшылығына жолдаған хатында мұны ресми түрде хабарлап отыр.
Алайда ХАМАС-тың қойған талабы да бар. Мемлекеттік қызметкерлерінің жаңа әкімшіліктің құрамына қосылуын және зейнетақы төлемдеріне кепілдік берілуін сұраған.
Нетаньяху пәрмені
7 ақпанда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторындағы соғысты тоқтатудың шарттарын жария еткен еді. Бұл үшін ХАМАС басшылары биліктен бас тартып, аймақтан кетуі керек. Тель-Авив келіссөз мерзімін ұзартып, тұтқындағы палестиналықтарды босатуға уәде берген. Есесіне ХАМАС-та кепілдегі израильдіктерді қайтаруы тиіс.
ХАМАС-тың басқа амалы жоқ
Израильдің жоғары лауазымды шенеуніктері ХАМАС-тың бұған келісуі ықтимал екенін хабарлаған еді. Олар «ХАМАС Газа секторындағы билігін Палестина ұлттық әкімшілігіне немесе тәуелсіз комитетке беруге келіссе де, жер аударуға көнбеуі ықтимал» деп тұжырым жасаған болатын. Онда атысты тоқтату келісімінің бұзылуына және соғыстың қайта жандануына әкелуі мүмкін. Сондықтан ХАМАС амалсыз көнгені байқалады.
Бітім шарттары
Израиль мен ХАМАС арасындағы бітім 19 қаңтарда күшіне енген. Келісім үш кезеңнен тұрады.
Бірінші кезеңде ХАМАС 33 израильдік тұтқынды босатып, оның орнына Израиль түрмелеріндегі 1 500 палестиналықты азат етеді.
Екінші және үшінші кезеңдерде тұтқындармен алмасу жалғасады.
Үшінші кезеңде қарулы қақтығыс кезінде қираған Газа секторының инфрақұрылымын қалпына келтіру басталады.
АҚШ-тың президенті Дональд Трамп ХAМАС-қа ультиматум қойып, қысқа мерзім ішінде барлық тұтқын босатылмаса, «нағыз тозақ басталатынын» ескерткен болатын.