Мектеп оқулықтарын қайта-қайта басу мемлекетке 16 миллиард теңге шығын келтіріп отыр

Жарияланды
Оқулықтарды сараптау мен сапасына мониторинг жүргізуде біраз кемшіліктер анықталып отыр /Фото: shutterstock

Мектеп оқулықтарын қайта-қайта басу мемлекетке 16 млрд теңге шығын келтірген. Мемлекеттік аудиттің есебінше, қаржы тиімсіз жұмсалған.

Реформалау және жүйесіздік

Құзырлы органның пікірінше, елімізде білім беру стандарттарын реформалау жүйесіз жүргізіліп жатыр. Оқу жоспарларында жиі өзгерістер болады. Бұл бұрын бекітілген оқулықтарды қайта қарауға мәжбүрлейді. Мұның салдарынан бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалып келеді. Соңғы бес жыл ішінде мектеп оқулықтарын қайта-қайта басып шығарған. Соның кесірінен мемлекет қазынансынан 16 млрд теңге жұмсалыпты.

Оқулықтардың сапасы

Оқулықтарды сараптау мен сапасына мониторинг жүргізуде біраз кемшіліктер анықталып отыр. Бес жыл ішінде бағалау критерийлері 12 рет өзгертілген. Бұл бағалау жүйесінің тұрақсыз екенін көрсетеді. Мемлекеттік қызметтерді мониторингтеу жөніндегі ақпараттық жүйе арқылы сараптау тәртібі іске асырылмаған. Ал оның рәсімдері әлі күнге дейін қағаз жүзінде жүргізіліп келеді. Бұл сапаға жағымсыз ықпал етіп, мектеп оқулықтарын қайта қарауға мәжбүрлейді.

Тағы бір түйткіл: лицензия және білім сапасы

Елімізде 66 мектеп лицензиясыз жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде мемлекеттік мектептер де бар екен.

«Бұл білім беру мекемелеріндегі жүйелі мәселелердің кең таралғанын көрсетеді», – делінген мемлекеттік аудит қорытындысында.

Сонымен қатар мектептердің аттестациядан ойдағыдай өтпей жатқаны байқалады. Алғашқы талдаудан небәрі 18,2%-ы ғана өткен. Бұл білім сапасын бағалау тетіктерінің әлсіздігін байқатады.

Бірақ ақша жұмсалып жатыр

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша, білім саласында қаржылық заңбұзушылықтар – 1,1 млрд теңге, қаржы мен ресурстарды тиімсіз жоспарлау – 62,4 млрд теңге, қаражатты тиімсіз пайдалану – 3,2 млрд теңге шығын әкелген. Мұның ішінде мектеп оқулықтарын басу шығындары да бар.

Аудиторлардың бағалауынша, орта білім беру саласын қаржыландыру көлемі 3 есе өскен. Алайда жүйелі мәселелер жойылмаған.

Министрлерге ескертілді

Айта кететін жайт, Жоғарғы аудиторлық палатасы орта білім беруді дамыту мен сапасын арттыруға бөлінген қаражаттың тиімділігін тексерді. Аудит нәтижелері ЖАП төрағасы Әлихан Смайыловтың басшылығымен өткен отырыста қаралды. Талқылауға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен ведомстволық ұйымдардың басшылары қатысты.

Сонда мектеп оқулықтарын қайта басу мәселесі сөз болды. Мұндағы ең басты мәселе – мектеп оқулықтарын басу шығындарын азайту.

Мұның алдында мектеп түлектері «Болашақ» бағдарламасына тапсыра алатыны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз