Шымкент әкімдігі кәсіпкерлердің жерін тартып алмақ болды

Жарияланды
Кеткен шығынды өтеп беру туралы мүлде әңгіме қозғамаған/ Фото: shutterstock

Шымкент әкімдігі бес кәсіпкер «Құрсай» атты құрылыс материалдарының базарын ашпақ болып, 600 миллион теңге жұмсаған жер телімін тартып алуға шешім шығарған. Десе де, сыбайлас жемқорлыққа қарсы органның араласуынан кейін бас тартқан.

Кәсіпкерлер шағымы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, әкімдік мұнысын «мемлекетке қажет» болғанымен түсіндірген. Шымкент әкімдігі бұл жерлерді өтеусіз алып қою туралы шешімді 2024 жылдың шілде айында қабылдапты. Алайда шешімін кәсіпкерлерге уақытылы хабарламаған және кеткен шығынды өтеп беру туралы мүлде әңгіме қозғамаған. Кәсіпкерлер әкімдіктің заңсыз әрекетін алға тартып, антикорға жүгінген.

Агенттіктің мәлімдемесі

Содан кейін бұл іске Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі араласқан. Содан кейін Шымкент әкімдігі райынан қайтқан.

«Антикордың араласуымен жерді алып қою процесі тоқтатылып, әкімдік өз талаптарынан бас тарту туралы сотқа өтініш берген. Бұл кәсіпкерлерге салынған инвестицияларын сақтап, құрылыс нарығының жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берді», – деп хабарлады агенттік.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінің алдын алу жұмыстарды жалғастырмақ. Шымкент әкімдігі кәсіпкерлердің құқықтарын қалпына келтірмек.

Алматыдағы оқиға

Айта кетін жайт, Шымкент әкімдігінің әрекеті басқа өңірлерде де кездесіп жатыр. Әкімдіктердің кәсіпкерлердің мүлігін заңсыз тартып алу әрекеттері бірнеше рет тіркеліп отыр. 2023 жылы Алматы қаласындағы «Рахат» базарының кәсіпкерлері Жетісу ауданы әкімінің қысымына шағымданған. Әкімдік бұл аумақта жиһаз фабрикасын немесе саябақ салу мақсатында базарды жабуды талап еткен. Кәсіпкерлер сотта жеңіске жеткен. Бірақ әкімдік жерді босату туралы талаптар қойған.

Құлыбаев жеңілді

Алматыда кәсіпкерлер мен әкімдік арасындағы жер дауы жиі болады. Сот бірақ ұдайы кәсіпкерлердің жағанда бола бермейді. Мәселен, Қазақстанның алғашқы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, олигарх Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Кипрос» компаниясы Алматы әкімдігімен соттасты. Оған Алматыдағы ең қымбат аудандардың біріндегі 1,79 га жер телімі түртік болды. Бірақ Құлыбаевтың компаниясы сотта ұтылып, бұл жер әкімдіктің иелігінде қалдырылды.

Мұның алдында Шымкент әкімдігі орталық саябақтан 4 гектар жер телімін заңсыз пайдалану дерегіне байланысты сотқа жүгініп, «Қиял» әлемі саябағын мемлекет меншігіне қайтарып, жеңіп шыққан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз