
Аргентинада ең ірі жемқорлық жанжалы басталды. Ел оппозициясы президенті Хавьер Милейді криптовалюта жарнамасына бойынша алаяқтыққа қатысы бар деп айыптады. Өз кезегінде мемлекет басшысы алданып қалғанын айтып, өзінің әрекетіне қатысты тергеу бастады.
Милей не бүлдірді?
Мәселе Аргентина президенті Х желісіндегі аккаунтында Libra атты жаңа токенді жарнамалауынан басталды. Бұл жоба шағын бизнес пен стартаптарға инвестиция салу арқылы ел экономикасына оң әсер етеді деп жазған. Президент жарнамасынан кейін токеннің капиталы 4,56 млрд долларға дейін жетті. Артынша бірнеше сағат ішінде 94%-ға құлдырады.
Lookonchain талдау орталығының түсіндіруінше, бұған Libra-ға қатысты 8 әмиянның 107 млн доллар алып шығуы себеп болған. Ал кейбір сарапшылар криптовалюта құлдырағанға дейін күмәнді токен деген ескерту айтқан еді.
Президент Милейдің аккаунтындағы токен жарнамасы криптовалюта құлдырағаннан кейін де, бірнеше сағат тұрды. Кейінірек жазба өшірілді. Осыдан кейін президенттің аккаунтына әлдебіреулер бұзып кірді ме әлде өзі жазды ма деген пікірталас болды.
Біраз уақыттан кейін Хавьер Милей «жоба туралы толық хабардар болмағанын айтып», жағдай қиындаған соң, жазбасынан өшіріп тастағанын хабарлады.
Президентке қарсы импичмент бола ма?
Бұл оқиғадан кейін бірнеше оппозициялық партияның өкілдері Милейге импичмент жариялау керек деген пікірде. «Отан үшін одақ» коалициясының көшбасшысы, елдің экс-президенті Кристина Кришнер алаяқтар президентті пайдаланған дейді. «Азаматтық коалиция», Социал партия және Радикал азаматтық одақтың депутаттары да президенттің бұл ісін сынға алды.
Егер оппозиция бірауыздан келіссе, импичмент апта басында жарияланады. Ол үшін Парламенттегі төменгі және жоғары палаталардың үштен екісі келісім беруі керек.
Хавьер Милей елдегі экономикалық реформаларымен танымал. Аргентина валютасы құнсызданып, девальвация шарықтап бара жатқанда ол валюталық бақылауды күшейтіп, қатаң экономика саясатын ұстанды. 2024 жылы елдегі инфляция 112% болған, бірақ песо бар болғаны 18%-ға ғана құнсызданған.