Ұлттық банк экономиканың «қызып кетуінен» қауіптеніп, айналымдағы ақша көлемін азайтты

2025 жылдың қаңтарында Ұлттық Банк елдегі ақша базасын 4,1%-ға азайтып, 594,3 млрд теңгені иемденді. Реттеуші сайтында жарияланған құжаттан бір ай ішінде ақша базасы 14 трлн теңгеге дейін азайғанын байқауға болады. Ұлттық Банк экономиканың қызып кетуінен қауіптеніп, осындай қадамға барып отыр.
Қаржы институтының дерегі бойынша, ақша базасы бірнеше пункттен қалыптасады. Оған:
- айналымдағы қолма-қол ақша;
- барлық есептік және қазіргі есепшот;
- коммерциялық банктер мен басқа да қаржы ұйымдарының депозиттері мен теңгедегі есепшоттары кіреді.
Дәл осы ақша базасы Ұлттық Банк әрекетінен кейін 14,6 трлн теңгеден 14,0 трлн-ға дейін азайды.
Елдегі ақша массасы да өзгеріске ұшырады. Ақша массасы деп экономикада айналымда жүрген барлық қаражатты айтамыз. 2025 жылдың қаңтарында Қазақстандағы ақша массасы 44,7 трлн теңге болды. Бір айда бұл көрсеткіш 975,9 млрд теңгеге немесе 2,1%-ға азайды.
Оның ішіне жеке тұлғалардың ағымдағы шоты және электронды ақша массасы азайған. Бір айда аталған сегменттегі көрсеткіш 430 млрд теңге немесе 18%-ға дейін азайды. Бұл қаңтардағы барлық ақша массасының 44,1%-ын құрайды.
Биыл 17 қаңтарда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 15,25% деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады. Реттеуші бұл қадамын инфляцияның үдеуі, баға өсуі және экономиканың «қызып кету» белгілеріне байланысты деп түсіндірген еді. Дегенмен сарапшылар бұл тым асыра сілтеу деп отыр.
«Шектеулі инфляция, импорт өсімі, шынайы табыс пен жалақы көлемінің тоқырауы экономика қызып кетуі деген ұғымға қарама-қайшы», – деген еді Halyk Finance талдау орталығының басшысы Мәдина Кабжалалова.