«Террористік шабуыл»: КҚК нысандарын дрондар атқылап, қазақ мұнайын батысқа айдау бәсеңдеді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
КҚК мұнай станциясына дрондар шабуылдағанын мәлімдеді / бильд-редактор: Ахтам Зиперов

17 ақпанда Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) мұнай жеткізу нысаны – «Кропоткинская» мұнай айдау станциясы әскери дрондардың шабуылына ұшырады. Бұл туралы КҚК баспасөз қызметі хабарлайды.

Консорциум шабуылды «террористік соққы» деп атады. Ресми ақпаратта шабуылдың нақты қай жақтан жасалғаны туралы ештеңе айтылмаған. Ресеймен соғыс жүргізіп жатқан Украина тарапы әзірге «Кропоткинская» мұнай станциясына шабуылдағаны туралы ешқандай ақпарат таратпады.

Мәліметтерге қарағанда, соққы ішіне зақымдағыш металл толтырылған жеті дронмен жасалған.

«Кропоткинская» станциясы жұмысын тоқтатқан. Шабуылдан мұнай жеткізу нысанында істейтін қызметкерлердің ешқайсы зардап шекпеді.

«Консорциум жұмысшылары жұмыла кірісіп, мұнайдың төгілуіне жол бермеді», – деп хабарлады КҚК.

Оқиға болған жерге консорциумның бас директоры Николай Горбанов бастаған топ бара жатыр.

«Кропоткинская» мұнай айдау станциясы Ресейдің Краснодар өңірі аумағында орналасқан.

Қазақ мұнайы және КҚК

«Халықаралық консорциумның барлық акционері, соның ішінде АҚШ пен Еуропа компанияларының өкілдері, азаматтық нысанға әскери дрондармен террористік шабуыл жасалғаны, оның салдары туралы хабарланды», – деп таратты КҚК.

Консорциумның телеграм-арнасында жарияланған мәліметті «Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесі арқылы мұнай тасымалдау, Кропоткинская станциясын айналып өтіп, төмендетілген режимде жүзеге асып жатқаны» айтылған.

Қазақстан Теңіз – Новороссийск арқылы елде өндірілетін мұнайдың 75%-ын батыс бағытта шетелге тасымалдап отыр.

Алайда Қазақстан Энергетика министрлігі «КҚК тарапынан қазақстандық мұнай тасымалына шектеу жоқ, мұнай қабылдау әдеттегі тәртіппен жүзеге асып жатыр» деп хабарлады.

2024 жылы Қазақстан КҚК арқылы шамамен 55 млн тонна мұнайды сыртқа шығарған.

Сондай-ақ оқыңыз