Мұнай арзандауы мүмкін: нарық Украина жөніндегі келіссөздер барысын бақылап отыр

Әлемдегі инвесторлар Украинаға қатысты келіссөздер барысын бақылап отыр. Сарапшылар АҚШ пен Ресей келіссөзі сәтті аяқталса, мұнай бағасы әжептәуір арзандайды деп болжайды.
Дүйсенбі күні мұнай бағасы айтарлықтай өзгере қойған жоқ, себебі инвесторлар Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздер қалай өрбуі мүмкін екенін бағамдаумен болды. 17 ақпанда Brent маркалы мұнайдың сәуірге арналған фьючерстері Лондон биржасында 7 центке көтеріліп, 74,9 долларға дейін жетті. Бұл уақытта америкалық West Texas Intermediate бағасы сәл ғана көтеріліп, $70,79 болған.
Нарық бейбіт келіссөздердің нәтижесін күтіп отыр. Осының алдында ғана АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның әкімшілігінің өкілдері Ресеймен Украинадағы соғысты аяқтау жөнінде келіссөздер жүргізе бастағанын мәлімдеген.
«Келіссөздер нәтижесінде тараптар бейбіт келісімге келе алса, онда әлем нарығында ресейлік баррельдер көбейіп, мұнай бағасына әжептәуір кері әсер етуі мүмкін», – дейді Phillip Nova сарапшысы Приянка Сачдева Reuters агенттігіне.
Бұл уақытта АҚШ пен Ресей делегацияларының кездесуі 18 ақпанда Эр-Рияд қаласында өтетіні мәлім болды. Сауд Арабиясында жүрген Украина президенті Владимир Зеленский Киев оған қатыспайтынын мәлімдеді.
Қазақстан мұнай бағасының жоғары деңгейде сақталуына мүдделі. Республикада 2024 жылы және биылғы қаңтар айында ОПЕК+ белгілеген кводатан артық мұнай өндірді. Соған байланысты энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұнай өндіруші елдер ұйымының басшыларымен сөйлесуге мәжбүр болды.