Миллиардер Өтемұратовтың компаниясы Бурабайда алтын іздейді

Болат Өтемұратовтың отбасына тиесілі RG Gold компаниясы мен америкалық RCFM GP L.L.C. Ақмола облысы Бурабай ауданындағы Дмитриевка ауылы маңында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді.
Тәулік бойы барлайды
Алтын өндіруші компанияның барлау жұмыстарының техникалық сипаттамасы енбеген шағын резюмесімен Kursiv.Media танысып шықты. Құжатқа сәйкес, геологиялық барлаудың алғашқы кезеңінде пайдалы қазбаға бай жерлер тексеріледі.
Бұған қоса, дала жұмыстары барысында 50 шаршы шақырым аумақтың топонимикалық картасын дайындауға қашықтан басқарылатын ұшу аппараттары пайдаланылады.
Содан кейін ғана 20-100 метр жер бұрғыланады. Бұрғы әр 40-80 метрге орнатылады. Барлығы 125 бұрғы салынады деп жоспарланған. Соның нәтижесінде қай жерде құнды металдар бары анықталуы тиіс.
Барлау жұмыстары 2025-2026 жылдары жүргізіледі деп жоспарланған.
Компания вахталық қалашық салуды жоспарламаған, себебі мұндай жұмысқа бар болғаны 21 геолог тартылады. Олар жақын ауылдарда жалға алынған үйлерде тұрады. Барлау жұмысына 180 жұмыс күні кетеді. Мамандар 12 сағаттан екі ауысыммен жұмыс істейді.
Осы жобаға қатысты қоғамдық талқылау 19 ақпанда Бурабай ауданы Дмитриевка ауылында түскі сағат 15:00-де басталады.
Миллиардерге тиесілі компания туралы
2024 жылғы желтоқсанда RG Gold Оңтүстік Райгородок кеніші маңындағы бірнеше жерде геологиялық барлау жұмыстарын бастауды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Мұнда да барлау 2025-2026 жылдары ұйымдастырылатыны айтылған
2022 жылғы қыркүйекте RG Gold жылына алты тонна алтын шығара алатын металлургиялық кешенді іске қосты. Компания Солтүстік және Оңтүстік Райгородок кеніштерін игереді.
2023 жылы RG Gold компаниясының таза табысы 46 млрд теңге болды.
RG Gold алтын өндіруші компанияның жалғыз қожайыны – Cantech S.a.r.l. Оның 65 пайыз үлесі Verny International S.A. SICAR-ға, қалған 35 пайызы RCF VII – RG Gold S.a.r.l. компаниясына тиесілі. Ал Cantech S.a.r.l. компаниясының өзі Timberlay S.A. (Швейцария) арқылы басқарылады, бенефициарлары – Болат Өтемұратовтың отбасы мүшелері мен RCFM GP L.L.C. (Дэлавер штаты, АҚШ) компаниясы. Америкалық бұл компания Resource Capital Funds инвестициялық тау-кен тобына кіреді.
Болат Өтемұратов Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде (Forbes) алтыншы орында тұр. Оның байлығы – 2,7 млрд доллар.