«Уәдемде тұрам»: Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ОПЕК+ өкілдерімен сөйлесті

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ОПЕК+ төрағасы, мәртебелі сауд ханзадасы Абдулазиз бен Салманмен, Ресей вице-премьері әрі ОПЕК+ тең төрағасы Александр Новакпен, сонымен бірге ұйымның Бас хатшысы Хайтам Әл-Гаиспен телефон арқылы келіссөз жүргізді.
Сәтқалиев мұнай өндіруші елдер қауымдастығының басшыларына Қазақстан қаңтар айында не себепті мұнай өндіруді ұлғайтқанын түсіндірді.
Министр мұны Теңіз мұнай кен орнында жаңа үшінші буын зауыты жұмыс істей бастағанымен байланыстырды. Сәтқалиевтің айтуынша, бұған дейін Теңіздегі өндірісті ұлғайту маусым-шілде айларында басталады деп жоспарланған. Ал қаңтар айында кеніште жаңа қондырғы сынақтан өткен, сол себепті мұнай өндіру көрсеткіші ұлғайған.
Сәтқалиев Қазақстан ОПЕК+ келісімі шеңберіндегі міндеттемелерін әлі де толық ұстанатынын айтты. Енді билік қаңтарда артық өндірілген мұнайдың есесін басқа да кеніштердегі өндірісті қысқарту арқылы қайтаруды жоспарлап отыр.
ОПЕК+ басшылары міндеттемелер толық орындау керек екенін ескерткен.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Kursiv.Media қаңтар айында Теңіздегі мұнай өндірісі тәулігіне 900 мың баррельге дейін жеткенін, соған байланысты ОПЕК+ алдындағы міндетіне сай квотадан тағы асып кеткенін жазған.
Қазақстан мен ұйымға мүше елдері арасындағы келіссөздерге сәйкес, республика мұнай өндірісін тәулігіне 1,468 млн баррельден асырмауы тиіс.