Қазақстанда 8 мың блогерге салық төлемегені үшін ескерту «хат» келіп жатыр

8 мыңға жуық инфлюенсерлер, блогерлер, спортшылар мен танымал тұлғалар 14 ақпаннан бері салық органдарынан «хат» алып жатыр. Осылай деген қазақстандық танымал блогер Әлішер Елікбаев әлеуметтік желіде жазба жариялады. Оларға 2022-2023 жылдары төленбеген салықтар үшін миллиардтаған теңге қарыз есептелгенін мәлім етті.
Салық органдары блогерлер, вайнерлер, инфлюенсерлер мен әзілкештер салықтық төлемдеріне қатысты тексеріс жүргізіп, оларға қомақты сомада қарыз тағайындаған. Тізімде Геннадий Головкиннің де аты аталған.
«Жалпы, 8 мың адамға осындай ескерту хаттар жіберілген деген ақпарат бар. Блогерлер, инфлюенсерлер, вайнерлер, тіпті спортшылар да бар. Оларды салықтық жауапкершілікке тарту үшін толық тексеріс басталған секілді. Себебі біз әлеуметтік желілерде «бай-бағлан» өмірді көрсетеміз, ал бұл халықтың ашуын тудырады,» – деп жазды Әлішер Елікбаев.
Блогердің айтуынша, кейбір адамдарға 1 млрд теңгеге дейін салық берешегі тағайындалған. Сондай-ақ хатта 2022 және 2023 жылдары бұл адамдар салықты толық төлемегені туралы айтылған.
«Сомалар әртүрлі – менің таныстарым арасында рекордтық сома ретінде бір миллиард теңгеден төленбеген салық көрсетілген. 400 миллион, 300 миллион теңге бойынша да қарыздар жазылған, ал көпшілігіне 100 миллион теңгеден астам төленбеген салық есептелген«,- деп мәлімдеді блогер.
Елікбаевтың айтуынша, салық органдары есептеулерді түсініксіз әдіспен жүргізген.
«1 миллиард теңге салық есептелген досымның барлық банк карталарындағы ақша айналымдарын қарап шыққан. Оның ішінде жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алулары да бар. Алайда бұл мүліктер 2022-2023 жылдары алынбаған болуы мүмкін, оған дейінгі жылдардағы жинақтарынан сатып алынған. Бірақ салық органдары мұны есепке алмаған,» – деп түсіндірді ол.
Блогердің айтуынша, осы 8 000 адам салық органдарына барып, өздерінің кінәсіз екенін дәлелдеуге мәжбүр. Әрбір соманың қайдан алынғанын, қандай қызмет көрсетілгенін, қайда жұмсалғанын көрсету қажет.
«Үкімет тағы да өзіне зиян келтіріп отыр, себебі жаңа ғана заңдастырылған адамдар қайтадан көлеңкелі нарыққа кетеді. Өйткені салық органдары үшін сенің қанша төлегенің маңызды емес, олар тек өздерінің есептеуіне сүйенеді. Ал олардың есептеуі өте нашар жүргізілетіні анық байқалып отыр«,- деді жазды ол.
Айта кетейік, 2025 жылдан бастап Қазақстанда салық органдары мобильді аударымдар мен әр азаматтың табысын бақылауды қолға алды. Енді банктер барлық карталардағы қаржы қозғалысы туралы мәліметтерді беруі тиіс, ал мыңдаған кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар жаңа салық ережелерінің салдарымен бетпе-бет келіп отыр.