FlyArystan тағы даудың ортасында: Ақтөбеден Астанаға ұшатын рейс бір тәулікке кешікті

FlyArystan әуе компаниясының борт жолаушылары 19 сағат бойы Ақтөбеден Астанаға ұша алмай әуежайда отыр. Рейстің не себепті кешігіп жатқанына қатысты компания түсініктеме берді.
Онлайн рейс кестесіне сәйкес, ұшақ 18 ақпан күні сағат 00:15-те ұшады.
«2025 жылғы 17 ақпанда Ақтөбе — Астана бағытында қатынайтын FS7394 рейсі техникалық себептерге байланысты кешіктірілуде. Осы рейстің жолаушыларына сусындар, тамақтану және қонақүйде тұру қызметтері ұсынылды. Сондай-ақ, жолаушыларға өзге рейске тегін қайта брондау немесе толық ақшасын қайтару мүмкіндігі берілді»,- деп хабарлады әуекомпаниясының баспасөз қызметі.
FlyArystan көрсетілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, қауіпсіздік компанияның басты басымдықтары екенін еске салды.
«Қазіргі уақытта авиакомпания қызметкерлері мәселені тезірек шешу үшін барлық күш-жігерін салып жатыр. FlyArystan жолаушыларды What’sApp, SMS хабарламалары немесе брондау кезінде көрсетілген электронды пошта арқылы хабардар етеді»,- делінген хабарламада.
Журналист Асхат Ниязов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Ақтөбе әуежайынан видео жариялады. Онда ол жолаушылар арасында балалар, мүгедектер, туристер және ота жасауға үлгермей қалған нейрохирург та болғанын жазады. Видеода Астанаға бет алған жолаушылардың рейске отырғызуды күтіп тұрған сәтін байқауға болады.

«Ақтөбеде FlyArystan ұшағы 18 сағаттан бері ұша алмай жатыр. Онда балалар, мүгедектер, туры күйіп кеткен адам және осы себептен операцияға кешіккен нейрохирург бар. Сіздер қалай ойлайсыздар, осы үшін біреу жауапкершілікке тартыла ма?» — деп жазды журналист.
Осыған дейін, Астана әуежайында Өскеменге аттанғалы тұрған FlyArystan ұшағында жанжал болған еді. Ұшақта орындықта отырған жолаушы жанынан өтіп бара жатқан бортсерікке оқыстан қол жұмсаған. Әуекомпаниясы баспасөз қызметінің дерегі бойынша әлгі адам өзінде жарылғыш зат бар екенін мәлімдеді.