Иран Қазақстанға балалар тағамдары мен ірімшік шығаратын зауыт салуға көмектеседі

Иранның азық-түлік өндіруші Solico Group компаниясы Қазақстанға қуырылған картоп, балалар тағамдары мен ірімшік шығаратын зауыттар салуға көмектеспек. Сондай-ақ екі ел ауыл шаруашылығы өнімдері саудасын ұлғайту туралы келісімге келді. Бұл жайында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Қазақстан Иранға астық, ет, кондитерлік өнімдер және өсімдік майларын экспорттауды ұлғайтуды жоспарлап отыр. Өткен жылы екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдері саудасы бірден 33%-ға артып, 220,1 млн долларға жеткен.
«Иран нарығына астық, ет өнімдері, өсімдік майлары және кондитерлік өнімдер экспортын кеңейтуге, бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделіміз. Сондай-ақ Иран арқылы Парсы шығанағы елдеріне ауыл шаруашылығы өнімдерінің транзитін арттыруға дайынбыз», – деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы.
Сонымен қатар Қазақстан Иранға бұршақ дақылдары мен арпа, 500 мың тонна күнбағыс майы мен күнжара, сондай-ақ қой еті мен тірі мал жеткізу мәселелерін пысықтап жатыр. Бұл үшін Иран порттарын пайдалану жоспарлануда. Бұл шара Қазақстанның экспорттаушыларына Персия шығанағы елдерінің нарықтарына шығуға мүмкіндік береді.
Иран Ислам Республикасы өз кезегінде мал терісін экспорттау үшін ветеринарлық сертификаттарды келісуді жеделдетуді, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің Қазақстанға импорты көлемін арттыруды уәде етті. Екі ел Иранның транзиттік мүмкіндіктерін пайдалануды көздеп, ұнды Бендер-Аббас порты арқылы тасымалдауды жоспарлап отыр.
Ал Сауда және интеграция министрлігінің мәлімдеуінше, QazTrade басшысы Айтмұхамед Алдажаров Қазақстанның экспорттық тауарлар мен қызметтерді жылжыту ұлттық институтының Тегерандағы серіктес кеңсесін ашуды ұсынған.
Сонымен қатар, Иран мен Қазақстан ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу бағдарламасы бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Екі мемлекет ауқымды сомалармен балық аулау және балық жемін өндіру бойынша бірлескен жобаларды қарастырып жатыр.
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, Қазақстан мен Иран 92,8 млн доллар көлемінде 10 коммерциялық құжатқа қол қойған. Қазақстан Иран нарығына 250 млн долларлық 75 түрлі өнім жеткізуге дайын. 2024 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 12,3%-ға артып, 340 млн долларды құрады.