«Сүттің литрі 2800, картоптың келісі 1300 теңге»: Павлодардағы балабақшалар азық-түлікті қымбатқа алмақ болған

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің аға тілшісі
Балабақшалардың кейбірі азық-түлікті негізсіз қымбат бағамен сатып алмақ болған / Коллаж: kursiv.media архиві

Павлодар прокурорлары қаладағы балабақшалардың кейбірі азық-түлікті негізсіз қымбат бағамен сатып алмақ болғанын анықтады. Сүттің литрін 2812 теңгеден, ал картоптың келісін 1340 теңгеден сатып алмақ болған.

Құзырлы органның хабарлауынша, №23 бөбекжай мемлекеттік сатып алу порталында 18 000 литр сүтті 50 620 500 теңгеге, яғни литрі 2 812 теңгеден сатып алу туралы хабарландыру жариялаған. Алайда прокурорлар осыған ұқсас сүттің орташа бағасы литрі 345 теңгені құрайтынын анықтаған.

«№23 бөбекжай-бақшаның литрі 2 812 теңгеге сүт сатып алуы 44 410 500 теңге көлемінде бюджет қаржысын артық және негізсіз жұмсауға себеп болып отыр»,- делінген хабарламда.

Мұндай заңбұзушылық қаладағы тағы бір балабақшада анықталды. Мәселен, №102 бөбекжай жалпы сомасы 19 455 783,6 теңгеге, яғни келісі 1340 теңге болатын 14 520 кг картоп сатып алмақ болған. Ал қала дүкендерінде картоптың әлеуметтік дүкендердегі құны 120 теңге, ал жеке меншік дүкендерде 380 теңгеден аспайды.

Облыс прокурорлары негізсіз қымбатқа алмақ болған бұл өнімдерді сатып алуға тыйым салғанын және азық-түлікті сатып алу бағасы төмендетілгенін хабарлады. Ал кінәлі тұлғалар жауапқа тартылған.

Сондай-ақ оқыңыз