ІІМ сотталған әйелдерге рақымшылық жасау идеясын қолдады. Қанша адам жазадан босатылуы мүмкін?

Ішкі істер министрлігі депутаттардың сотталған әйелдерге рақымшылық жасау туралы идеясын қолдады. 2,7 мыңға жуық сотталушыны бостандыққа шығару арқылы бюджет қаржысы үнемделеді деп санайды. Алайда министрлік қылмыстан зардап шеккендер бұл ұсынысқа қарсы шығып, соңы жаппай наразылыққа ұласа ма деп қауіптенеді.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ әйелдерге рақымшылық жариялауды ұсынған болатын. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов депутаттың бұл бастамасын қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, сотталғандарды босату – әйелдерді қоғамға бейімдеу, отбасылық құндылықтарды нығайту және балалардың құқықтарын қорғау шарасы болмақ.
«Сонымен қатар қылмыстан зардап шеккен азаматтар арасында наразылық туындауы және рақымшылыққа іліккендер тарапынан қайта қылмыс жасау қаупі бар», – делінген министрлік жауабында.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 6 399 әйел қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Оның ішінде 2 692 әйел бас бостандығынан айырылған, ал 3 707-і пробациялық бақылауда.
Кімдердің жазасы жеңілдетілуі мүмкін:
- Ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін сотталған 1220 әйел – олар толық босатылуы мүмкін;
- Ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған 5 055 әйел – олардың жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін;
- Өтелмеген талап-арызы барлар (3 910 әйел) – оларға бас бостандығынан айырудың орнына жеңілірек жаза тағайындалуы мүмкін.
Әлеуметтік жағынан осал топқа жататын сотталған ер адамдардың саны 920 адамды құрайды. Бұл топқа I және II топтағы мүгедектер, соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандар, зейнеткерлер және толық емес отбасылар жатады.
ІІМ пікірінше, рақымшылық жасау мемлекеттік шығындарды оңтайландырып, қалған сотталғандардың ұстау жағдайын жақсартады.
«Екі мыңнан астам сотталғанды босату бюджет шығынын күніне 5,8 млн теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді (бір сотталғанды асырауға кететін шығын – күніне 2 900 теңге, жылына шамамен 2,1 млрд теңге)», – делінген министрлік жауабында.
2022 жылдың қараша айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасына қатысушыларға «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойған еді. Қылмыстық әрекет жасаған, орташа қылмыстар жасаған азаматтарға қатысты істер тоқтатылып, сотталғандар жазадан босатыла бастады.