
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) Теңіз – Новороссийск бағытымен мұнай тасымалдап жатқанын хабарлады.
«Қазіргі таңда жүк жолдаушылардан мұнай қабылдау техникалық мүмкіндігінше нақтыланып жасалған жоспарға сай жұмыс істеп жатыр», – деп таратты КҚК баспасөз қызметі.
Консорциум мәліметінше, кәсіпорын басшылығы «Кропоткинская» мұнай айдау станциясы аумағын аралап шықты. Тексеру барысында шабуылдан нақты қанша зардап келгенін, станцияны қалпына келтіруге қанша уақыт кететінін анықтау тапсырылды.
КҚК бас директоры Николай Горбань шұғыл жөндеу жұмыстары бойынша жиналыс өткізді. Бұған қоса, қауіпсіздікті күшейту тапсырылды.

Естеріңізге сала кетейік, 17 ақпанда КҚК мұнай тасымалдау жүйесі нысаны – «Кропоткинская» мұнай айдау станциясы жеті бірдей әскери дрон шабуылына ұшырады. Артынша консорциум Теңіз – Новороссийск құбыр жүйесімен мұнай тасымалдау шектелгенін, станция істен шыққанын хабарлады.
Консорциум мәліметінше, 2024 жылы «Кропоткинская» станциясы арқылы 63 млн тоннадан аса мұнай айдалды. Оның шамамен 90 пайызы Қазақстан аумағынан жетті.