Көксу өзеніне салынатын 7 СЭС петроглифтер мен су туризмін жойып жіберуі мүмкін

Алматыда ғалымдар, спортшылар мен қоғам белсенділері Жетісу облысындағы Көксу өзенінің бойында салынатын су электр стансаларының ықтималды қаупіне арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Айтуларынша, СЭС жобасын ала алмай отырғандықтан, құрылыстың нақты зардабын анықтау қиынға соғып отыр.
Мән-жайы
Белсенді топ Кербұлақ ауданындағы Көксу өзенінде жалпы қуаты 150 МВт болатын жеті су электр станциясының каскадын салу жоспарланып отырғанын атап өтті. Қазіргі уақытта қуаты 42 МВт болатын Рудненский ГЭС-1 және ГЭС-2 құрылысы басталып кетті. Қуаттылығы 7 МВт Жоғарғы-Талапты су электр станциясының құрылысы аяқталуға жақын.

Ғалымдардың қаупі
Ғалымдар құрылыс Орхус конвенциясының 4 және 6-баптары мен ҚР Экологиялық кодексінің 13, 14, 17-баптарын бұзып, жұртшылыққа тиісті ақпарат берілмей басталғанына назар аударды. Жасыл экономика құру бағдарламасы аясында іске асып жатқан жоба, керісінше тұмса табиғатты бүлдіріп, орасан зор зардап әкелуі мүмкін деген пікірде.
Археологиялық нысандарға зардабы
«Охотники за петроглифами» Қоғамдық қорының атқарушы директоры Ольга Гумирова Көксу өзенінде су электр станциясының құрылысына байланысты су тасқыны салдарынан тарихи ландшафт мүлде өзгеріп, кейбір археологиялық нысандар жойылып кетуі мүмкін деп отыр.
«Олардың ішінде қола дәуірінен бастап б.з.б. 2 мыңжылдықтан 19 ғасырдың ортасына дейінгі қоныстар, қорымдар, жартастағы суреттер бар. Кейбірі әлі зерттелмеген де. Құрылыс археология мен тарих тұрғысынан бірегей аймақтың туристік тартымдылығын жоғалтады», – дейді ол.
Петроглифтерге қауіп
Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Александр Горячевтің айтуынша, құрылыс халықаралық маңызы бар Ешкіөлмес ескерткішінің табиғи археологиялық ландшафтына орны толмас зиян келтіруі мүмкін.
«Ешкіөлмес – Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі шоғырлардың бірі. Кешенде 25 мыңнан астам петроглифтер мен көптеген көне ескерткіш бар. Ол әлі толық зерттелмеген, оның аумағындағы кез келген өзгеріс бүкіл нысанның тұтастығын бұзуға әкелуі мүмкін. Су электр станцияларын салу кезінде аумақты су басып, шаруашылықтың дамуы ғалымдардың оларға қол жеткізуін қиындатып, кейбір нысандар бұзылуы мүмкін»,– дейді ғалым.
Туризм мен спорттың дамуына соққы
Қазақстан Рафтинг федерациясының президенті Константин О-ның айтуынша, Көксу өзені асау мінезді, Рафтинг спортына өте ыңғайлы елдегі бірегей, бәлкім жалғыз орын. Көксуға ұқсас орын Шығыста Бұқтырма өзенінде болғанымен, оған жету қиын.
«ГЭС салынғаннан кейін, республикалық, әсіресе, халықаралық деңгейдегі чемпионаттар, жарыстар мен түрлі шаралар өткізу мүмкін болмай қалады. ГЭС құрылысы туризм саласына да зиянын тигізеді, өзенге кіруді шектейді әрі оның спорттық әлеуетін жояды», – деп атап өтті Константин О.
Ол рафтинг бүгінде мемлекеттік субсидия, дотациясыз өз бетімен қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі екенін атап өтті.
«Көксу аңғары рафтинг ұйымдастыруға арналған халықаралық стандарттарға сай келетін Қазақстандағы жалғыз орын. 2023 жылы Көксуда Рафтинг бойынша халықаралық жарыс өтіп, оған 9 елдің 100-ден астам спортшысы қатысты. Осындай жарыстардың арқасында былтыр аңғарға 3 мыңнан астам турист келді. Бұл аңғардың бұдан да үлкен жарыстарды өткізуге барлық инфрақұрылымдық мүмкіндігі бар. Енді осыған қауіп төніп тұр», – дейді Қазақстан Рафтинг федерациясының президенті.
«Құрылыс құжаттарын көрсетсін»
Жиынды түйіндеген қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан құрылыс жобасын ала алмай отырғанын, сондықтан оның нақты зардабын айту қиын екенін жеткізді. Оның сөзінше, электр энергиясы мен ГЭС салу қажет екені даусыз. Алайда құрылыс ұлттық тамырды үзбей, қорғандар мен петроглифтерді жоймай салыну керек.
«Энергия тарихи тамырларға нұқсан келтірмей өндірілуі керек. Бүгін айтылғандардың бәрі жоғары лауазымдағыларға да жетеді деп сенемін. Жетісудағы ГЭС-тің құрылысы мен Қазақстан аумағындағы кез келген құрылыстың тарихи ескерткіштерімізге нұқсан келтірмей жүргізілуі үшін шұғыл шаралар қабылданады деп сенемін», – деді ол.
Жиналғандар баспасөз мәслихаты Жетісу облысы әкімдігіне құрылыстың толық әрі сенімді жобалық құжаттамасын беруіне әсер етеді деген сеніммен тарқады.
Kursiv.Media аталған мәселеге байланысты Жетісу облысы әкімдігіне ресми сауал жолдайтын болады.