Жаңалықтар

Канадада Delta Airlines ұшағы аударылып, 18 адам жарақат алды

Торонто әуежайында Delta Airlines ұшағы аударылып, 18 адам жарақат алды / фото: BBC.com

Канаданың Торонто қаласында Delta Airlines компаниясына тиесілі Bombardier CRJ900LR ұшағы қону кезінде аударылып, борттағы 18 адам түрлі жарақат алды. Бұл туралы BBC хабарлады.

Ұшақта 76 жолаушы мен 4 экипаж мүшесі болған. Көпшілігі аман-есен эвакуацияланды. Лайнер N932XJ борттық нөмірімен Delta Connection бренді аясында Edeavor Air әуе компаниясы арқылы Миннеаполис – Торoнто бағыты бойынша рейс жасаған.

Апат себебі анықталып жатыр. Канада Көліктегі қауіпсіздік басқармасы оқиғаның мән-жайын тергеуді бастады.

Алғашқы мәліметтер бойынша, бала мен екі ересек жолаушы ауыр жарақат алғаны айтылған еді. Алайда Торонто әуежайының басшысы Дебора Флинт кейінгі брифингте ауыр жарақат алғандар жоқ екенін растады.

«Миннеаполистен келген Delta Airlines ұшағының қону кезінде оқыс жағдай орын алғаны туралы хабар алдық. Оқиға орнында құтқару топтары жұмыс істеп жатыр. Барлық жолаушылар мен экипаж мүшелері бақылауға алынды», – делінген әуежайдың ресми хабарламасында.

Апаттан кейін Торонто әуежайы барлық рейстерді уақытша тоқтатты. Қазір жұмыс қайта жанданғанымен, бес ұшу-қону жолағының екеуі әлі жабық.