Қытайда үйленбеген қызметкерлерді жұмыстан шығару мүмкін

Қытайдың Шаньдун провинциясында орналасқан Shandong Suntech Chemical Group компаниясы қызметкерлеріне 2025 жылдың 30 қыркүйегіне дейін үйленуді міндеттеген ерекше талап қойды. Бұл талап 28 бен 58 жас аралығындағы бойдақтарға, соның ішінде ажырасқан қызметкерлерге де қатысты.
Егер олар осы мерзімге дейін некеге тұрмаса, түрлі тексерулерге ұшырап, тіпті жұмыстан шығуы мүмкін екені ескертілді.
Қоғамдық резонанс және биліктің араласуы
Аталған хабарлама жарияланғаннан кейін қоғамда үлкен дау туындады. Жергілікті билік бұл мәселені зерттей келе, компанияның мұндай саясаты заңға қайшы екенін мәлімдеді.
Көпшілік жеке өмірге араласу, еңбек құқықтарын бұзу және жұмыс берушінің қызметкерлерге қысым көрсетуі сияқты әрекеттерді қатаң сынға алды.
Осы жағдайдан кейін компания басшылығы өз шешімін қайта қарап, бұл талаптың міндетті емес екенін айтты.
Компанияның уәжі
Компания өкілдері өздерінің бұл бастамасын «мәдени құндылықтарды дәріптеу» мақсатында жасағанын алға тартты. Олардың айтуынша, отбасылық құндылықтарды нығайту арқылы қызметкерлердің тұрақтылығы мен әл-ауқатын арттыру көзделген.
Алайда заңгерлер мен құқық қорғаушылар мұндай талаптың жұмыс берушінің құзыретіне кірмейтінін және адам құқығын бұзатынын ескертті.