Күннің күрт жылынуынан Алматы тауларында көшкін жүру қаупі бар

Күннің күрт жылынып кетуінен Алматы тауларында көшкін жүру қаупі бар. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары қауіптің алдын алу үшін арнайы шаралар жүргізді.
«Температураның күрт өзгеруі, жылымық және жел салдарынан Алматы тауларында қар көшкіні қаупі туындады. Осыған орай ТЖМ мамандары қар көшкінінің алдын алу жұмыстарын жүргізді», – деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, құтқарушылар мен «Қазселденқорғау» қызметкерлері бірлесіп, адам көп жүретін аймақ – “Шымбұлақ» тау шаңғы курортында 3200 метр биіктікте профилактикалық қар түсіру жұмысын жүргізген. Жүргізілген жұмыстар барысында 3500 текше метр қар түсірілген.
Алматы тауларындағы қауіпке байланысты құтқарушылар қала тұрғындарына ескерту жасады. ТЖМ қар көшкіні қаупі туралы дауылды ескертулер жарияланған кезде таулы жерлерге бармауға кеңес береді.