Жаңалықтар

2030 жылға қарай Арал теңізінің аумағы ұлғаяды – Су ресурстары министрлігі

Арал теңізін
Арал теңізі қалпына келмейді, бірақ үкімет көлдің аумағын үлкейтпекші / Фото: shutterstock

Арал теңізін толық қалпына келтіру мүмкін емес. Бірақ Солтүстік Арал көліндегі су көлемін 2030 жылға қарай 27 млрд текше метрге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуәлиева айтты.

Министрлік өкілінің айтуынша, бүгінгі күні Солтүстік Аралдағы судың жалпы көлемі 22 млрд текше метрді құрайды. Ал екі жыл бұрын, яғни 2022 жылдың басында бұл көрсеткіш 18,9 млрд текше метр көлемінде болған.  

«2025 жылдың соңына дейін теңіздегі су көлемі 23,4 млрд текше метрге дейін жетеді деп күтілуде. Ал 2030 жылдың соңына қарай Солтүстік Аралдағы су көлемін 27 млрд текше метрге жеткізу жоспарланып отыр. Солтүстік Аралдың көлемімен бірге ауданы да ұлғайып келеді. Бүгінгі таңда теңіздің ауданы 3065 шаршы шақырым. Бұл 2022 жылдың басындағыдан 111 шаршы шақырымға көп», – дейді Әбдуәлиева.

Солтүстік Аралдың жағдайы

Көлдегі су көлемі су ресурстарын сауатты бөлу және үнемдеу нәтижесінде артқан. Сонымен бірге әр елмен жүргізілген сауатты су дипломатиясы да өз жемісін берген. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерімен келіссөздер жүргізе отырып, 2025 жылдың аурыз айының соңына дейін Солтүстік Аралға қосымша 1,6 млрд текше метр су жіберу туралы уағдаластыққа қол жеткізген.

Аралда су көлемінің артқаны жергілікті флора мен фаунаға да оң әсер еткен. Жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жеткен. Солтүстік Арал теңізінің көлемі мен ауданының ұлғаюына байланысты судың тұздылығы азайып, балықтың 22 түрінің популяциясы қалпына келеді.

«Ғалымдар Арал теңізін толық қалпына келтіру мүмкін емес екенін айтады. Бірақ біз қазір қолдан келгенше Солтүстік Аралды барынша сақтап қалуға тырысып жатырмыз», – деді министрлік өкілі.

Айта кетсек, Арал теңізін құтқару жобасын Дүниежүзілік банк қаржыландырады.  Жоба үш кезеңнен тұрады. Қазіргі таңда  Солтүстік Аралды сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңі жүріп жатыр. Ал үшінші кезеңде су ресурстарын басқарудың ақпараттық базасы мен жүйелері жаңартылады.