
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысының «Қазақмыс» кенішінде қаза тапқан жұмысшылардың отбасына көңіл айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Мемлекет басшысы Ұлытау облысында кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты», – делінген хабарламада.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауына байланысты қаза болған кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдаған.
Бұдан бөлек президент Үкіметке қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған. Ал салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне қаза болған кеншілердің отбасына қажетті көмек беруді міндеттеген.
Апат туралы
Кеніште апат 17 ақпан күні кешкі уақытта болды. Төтенше жағдайлар министрлігі 640 метр тереңдіктегі шахтада тау массасы құлап, 7 кеншінің сол массаның артында қалғанын хабарлады.
Бүгін, 18 ақпанда, Төтенше жағдайлар министрлігі Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы «Жомарт» кенішінде «Қазақмыс корпорациясының» жеті жұмысшысының денесі табылғаны туралы қайғылы хабарды жеткізді.