Берік Уәли Абай облысына қалай әкім болды – ауыс-түйіс туралы сарапшылар не дейді

Кеше бірқатар лауазымды тұлғалар жаңа қызметке тағайындалды. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Абай облысының әкімі болды.
Оның орнына Руслан Желдібай барды. Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысын тізгініне алды. Бұл орынтақта отырған Ермек Көшербаев мұның алдында Премьер-Министрдің орынбасары болды. Ал Тамара Дүйсенова – Президент көмекшісі. Қазақстандық саясаттанушылар Kursiv.Mediaға ауыс-түйіс түйіс туралы пікір білдірді.
Берік Уәли кімге арқа сүйейді?
Саясаттанушы Андрей Чеботаревтың пікірінше, Президент Тоқаев әлі де сенімінен шыққан тұлғаларға бәс тігіп отыр. Бұлардың ішінде Берік Уәлидің болуының сыры да бар.
«Берік Уәлиге қатысты айтарым, оны сыннан өткізіп, төселтіп жатыр. Яғни кәсіби тұрғыдан өсуі үшін оны түрлі лауазымды қызметтерге қойып көреді. Берік Уәли Абай облысын менеджер ретінде басқарады. Негізгі күш оның экономика, әлеумет және өңірлік даму бойынша орынбасарларына түседі», – дейді сарапшы.
Саясаттанушының сөзіне қарағанда, Берік Уәли мықты орынбасарларын таңдай алса, Абай облысы үшін алаңдамауға болады. Демек Берік Уәли білікті кадрларға арқа сүйеуі қажет.
Таңдау неге Көшербаевқа түсті?
Таңдау неге Көшербаевқа түскенін болжау аса қиын емес. Берік Уәли мен Ермек Көшербаевтың салмағы да екі түрлі.
«Ермек Көшербаев дипломатиялық қызметтен шыққан адам. Берік Уәли екі мәрте баспасөз хатшысы болды. Сондықтан осындай ауыс-түйіс жасауды ұйғарды. Көшербаевты орталық аппаратқа алып кетті. Оның бэкграунды – тәжірибесі өте мол. Үкіметте вице-министр болып қызмет атқарды. Сыртқы істер министрлігінде, ауыл шаруашылығында, ұлттық компаниялар жүйесінде де жұмыс істеген», – дейді Андрей Чеботарев.
Оның пікірінше, Көшербаев сүзгіден өткен, сенімнен шығатын тұлға ғана емес, тәжірибелі менеджер де. Әртүрлі салада жұмыс істеп, біліктілігін дәлелдеген.
Тамара Дүйсенова әлеуметтік саланы қожыратып алды ма?
Тамара Дүйсенованың орнына Көшербаевтың баруында бір гәп болуы ықтимал. Андрей Чеботаровтың пікірінше, Тамара Дүйсенова бұрын атқарған салаларда жақсы министр болып көзге түскен.
«Вице-премьер қызметіне келсек, бұл жерде бүкіл әлеуметтік блокқа жауап береді. Оған әлеуметтік қамсыздандыру, зейнетақы, білім беру, денсаулық сақтау және тағы да басқа салалар кіреді. Тамара Дүйсенова бұл жерде үдеден көріне алмаған тәрізді. Сондықтан бұл орынға Ермек Көшербаевты әкелді деп ойлаймын», – дейді сарапшы.
Берік Уәлидің мансабы
Берік Уәлидің мәнсаптық өсу жолы да қызық. Кинотанушыдан – журналиске, журналистен заңгерге өтті. Осы мамандықтар бойынша үш дипломы бар. Еңбек жолын Қазақстандық телеарналардың бірінде жаңалықтардан бастап, Абай облысы әкімі лауазымына дейін көтеріліп отыр. Мемлекеттік қызметке келгеніне 7 жыл болған. Осы уақыт аралығында Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы бастығынан Президенттің кеңесшісіне дейін өсті.
Әкім қызметіне шаруашылықтың жайын білетін тұлға емес, баспасөз хатшысы Берік Уәлидің келгенін жұрт сан-саққа жүгіртіп отыр.
Таңырқаудың қажеті жоқ
Қазбек Бейсебаев ауыс-түйіске таңырқауға болмайтынын айтады.
«Әкім тағайындау жүйесінде бізде осындай. Бұл заңда нақты көрсетілген. Облыс әкімдігін президент әкімшілігі қояды. Конституция бойынша, президент осындай таңдау жасауға толық құқылы», – дейді саясаттанушы.
Президенттің бұрынғы баспасөз хатшысы Берік Уәлидің бір облысқа әкім болуы қоғамда бірқатар сұрақ тудырғаны анық. Саясаттанушы бұл сауалға да жауап бере кетті.
«Мәселе – Берік Уәлиде емес. Жүйеде. Үміткерлер төменгі жақтан ұсынылғаны жөн. Мәслихат екі кандитаттың бірін ұсынғаны абзал болар еді. Бізде әкім болғысы келетін адамдардың критерийлері де жоқ», – дейді ол.
Мұның алдында Берік Уәлидің Абай облысы әкімі болып тағайындалғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Артынша Руслан Желдібай Берік Уәлидің орнына тағайындалды.